Семейде 20 жастағы Дильназ Жұмағұлованы өлтірген жігіт сотталды
Бұрынғы сүйіктісін өлтірген жігіт марқұмның жақындарына моральдық зиян үшін 20 миллион теңге төлеуге міндеттелді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семейде 20 жастағы Дильназ Жұмағұлованы өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты. Марқұмның бұрынғы жігіті адам өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот марқұмның туыстары қылмысты аса қатыгездікпен жасалған деп саралауды сұрағанымен, айыпталушының әрекетін Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша қарастырды. Бұл туралы КТК телеарнасы жазды.
Дильназ Жұмағұлова 13 шілдеге қараған түні Бородулиха ауылында қаза тапқан. Тергеу деректеріне сүйенген сот талқылауында бойжеткеннің мектеп кезінен таныс бұрынғы жігітімен жанжалдасқаны анықталған.
Сотта айтылған мәлімет бойынша, алдымен Дильназ жігіттің бетінен шапалақпен ұрған. Ол жауап ретінде қызды ұрып, кейін пышақ алған. Алдымен бойжеткеннің мойнын жарақаттап, артериясын зақымдаған. Одан кейін басынан ұрып, пышақпен бірнеше рет жаралаған.
Кейін сотталған жігіт марқұмның денесін басқа жерге апаруға тырысқан. Алайда оны біраз уақыт сүйрегеннен кейін шаршап, жолдың ортасында қалдырып кеткен.
Істің мән-жайына қарамастан, сот айыпталушының әрекетінен аса қатыгездік белгісін таппаған.
«Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеумен 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – деп үкімді судья Нияз Хасенбаев жариялады.
Сонымен қатар сотталған азамат марқұмның туыстарына моральдық зиян үшін 20 миллион теңге, материалдық шығынды өтеуге 1 миллион теңгеден астам қаражат және өкілдік қызметтеріне 500 мың теңге төлеуге міндеттелді.
Дильназдың әкесі Сабыржан Темірхан отбасы тағайындалған жаза мерзіміне әзірге көңілі толатынын айтты. Дегенмен үкімге шағымдану мәселесі әлі шешілмеген. Ол заңгерлермен кеңесіп, жоғары тұрған органдарға жүгінуді жоспарлап отыр.
«Іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының бірінші бөлігі бойынша қаралды. Сондықтан жаза мерзімі 8 жылдан 15 жылға дейін. Прокурор 14 жыл 6 ай сұрады, ал судья 14 жыл берді. Осыған байланысты жоғары тұрған органдарға жүгінемін, заңгерлермен де кеңесемін. Ол өмірі үшін күресті. Екі жерде күрес іздері болған, содан кейін ол қызға пышақпен соққы жасаған», – деді марқұмның әкесі.
Сот отырысында айыпталушының кінәсі толық дәлелденгені айтылды. Алайда сотталған жігіт өз кінәсін ішінара ғана мойындаған.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Тараптар сот шешіміне апелляциялық тәртіппен шағым түсіре алады.
Материал авторы