Маңғыстауда балықтан уланған үш ересек адам ауруханадан шықты
Бір үйдің үш адамы емделіп шыққанмен, отбасының 9 жасар баласы қайтыс болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында ысталған балықты тұтынғаннан кейін ботулизм белгілерімен ауруханаға түскен үш ересек адам емделіп, үйлеріне жіберілді. Бұл туралы Lada.kz сайты жазды.
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының мәліметінше, үш науқас емдеу курсын толық аяқтаған. Олардың жағдайы ауруханадан шығуға мүмкіндік берген.
Алайда осы оқиға салдарынан тоғыз жастағы баланың қайтыс болғаны бұған дейін хабарланған еді. Ол да отбасы мүшелерімен бірге ысталған балық жеп, ботулизм белгілерімен ауруханаға жеткізілген.
Қыркүйек айының соңында Маңғыстау облысында бір отбасының бірнеше мүшесі ауыр жағдайда ауруханаға түскені белгілі болды. Алдын ала болжам бойынша, улануға үй жағдайында дайындалған суық ысталған балық себеп болуы мүмкін.
Эпидемиологтың айтуынша, балық тоңазытқышта ұзақ уақыт сақталған. Зардап шеккендердің барлығы оны отбасылық жиын кезінде тұтынған.
Аурудың алғашқы белгілері 18 қыркүйек күні кешке байқалған. Науқастар медициналық көмекке келесі күні, 19 қыркүйекте жүгінген.
Материал авторы