Жасанды интеллект алдағы екі жылда медиаиндустрияны өзгертеді — Q.AI басшысы
Генеративті жасанды интеллект алдағы екі жылда медиа контент өндіру процесін айтарлықтай өзгертеді. Алайда саланың трансформациясында негізгі рөлді адам атқара береді. Бұл туралы Q.AI бас директоры Дмитрий Мун Astana Media Week апталығында мәлімдеді, деп хабарлайды Smartnews.kz.
Маманның айтуынша, жасанды интеллект қазірдің өзінде сценарийлер, суреттер, бейнероликтер және тіпті адам жасаған контенттен ажырату барған сайын қиындап бара жатқан материалдарды әзірлей алады.
«Жасанды интеллект өндіретін контенттің көлемі соншалықты қарқынды өсіп келеді, тіпті ол көбіне шынайы контенттен басым түседі», — деп атап өтті Дмитрий Мун.
Ол әсіресе стандартты әрі қайталанатын процестер қолданылатын медиа өндіріс бағыттарында айтарлықтай өзгерістер болатынын айтты.
«Менің ойымша, алдағы екі жылда осындай жылдам жетістіктер бүкіл индустрияны қамтиды. Бұған аударма жасау, суреттер мен бейнелерді генерациялау жатады», — деді Q.AI басшысы.
Сонымен бірге оның пікірінше, технологиялардың дамуы жасанды интеллект журналистерді, редакторларды және басқа да шығармашылық мамандық өкілдерін толығымен алмастырады дегенді білдірмейді.
«Жасанды интеллект әкелетін негізгі трансформацияны адамның өзі жүзеге асырады. Бұл — медиасалада тікелей жұмыс істейтін, индустрияны жақсы білетін және жасанды интеллектіні қалай пайдалану керектігін түсінетін адамдар», — деп атап өтті ол.

Сурет: instagram.com/dmitriy.mun.kz
Дмитрий Мун Қазақстанның жасанды интеллектіге арналған тілдік модельдерін дамыту бағытындағы жұмыстар туралы да айтты. Оның сөзінше, бастапқы кезеңде әзірлеушілер цифрландырылған архивтерді, кітаптар мен білім беру материалдарын пайдаланған. Алайда бұл деректер жеткіліксіз болған.
Модельдерді одан әрі оқыту үшін қосымша ақпарат көлемі, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарының материалдары қажет болған.
«Біз жасанды интеллектінің, яғни егемен жасанды интеллектінің қазақ тілінде сөйлеп, оны дұрыс түсінуі үшін өте көп ақпарат жинауымыз қажет екенін түсіндік», — деді спикер.
Ол пилоттық әзірлемелер аясында тілдік модельдердің қарым-қатынас мәнері жағынан тележүргізушінің жұмысына ұқсас әрекет көрсеткенін атап өтті.
Q.AI басшысы жасанды интеллектіні енгізуге мемлекеттік қолдау көрсету мәселесіне де ерекше назар аударды.
Оның айтуынша, Қазақстанда жұмысқа орналасуда қиындықтарға тап болған азаматтарды жаңа цифрлық дағдыларға үйрету бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Салалық мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп, азаматтарға бейнероликтер, жарнама, сайттар және басқа да цифрлық өнімдер жасау үшін жасанды интеллект құралдарын меңгеруге мүмкіндік беретін бағдарламалар әзірленіп жатыр.
Сонымен қатар шығармашылық өнімдер әзірлеу үшін жасанды интеллектіні пайдаланатын өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды ынталандыру шаралары, оның ішінде салық салу мәселелері қарастырылуда.
Сонымен бірге Дмитрий Мун мүлде жаңа идеялар ойлап табу және индустрияның даму бағыттарын қалыптастыру қабілеті адамның басты артықшылығы болып қала беретініне сенімді.
Оның сөзінше, жасанды интеллект жинақталған әрі цифрландырылған адамзат тәжірибесі негізінде оқытылады. Ал тұтас салаларды өзгертіп, экономиканың жаңа бағыттарын қалыптастыра алатын өнімдерді жасау үшін адамға тән ойлау қабілеті қажет.
«Біздің міндетіміз — бұл трансформацияны барынша жылдам жүзеге асыру», — деп түйіндеді Q.AI бас директоры.