1369

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге кіруіне шектеу қойылмақ — Қанат Ысқақов

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге қол жеткізуін шектеу жоспарланып отыр. Бұл бастаманы іске асыру үшін билік цифрлық платформалармен бірлесіп, пайдаланушылардың жасын тексерудің бірыңғай тетігін әзірлеуді көздеп отыр. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрінің бірінші орынбасары Қанат Ысқақов Astana Media Week 2026 форумында мәлімдеді.

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге кіруіне шектеу қойылмақ — Қанат Ысқақов
freepik.com

Медиафорумда сөз сөйлеген Қанат Ысқақов кәмелетке толмағандардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігі мәселесін көтеріп, жас ерекшелігіне байланысты шектеулер енгізу тәсілдері туралы айтты.

Оның сөзінше, әлеуметтік желі пайдаланушыларының нақты жасын анықтау ең күрделі мәселелердің бірі болмақ.

«Бұл шынымен де өте күрделі процесс. Сондықтан біз жас мөлшерін анықтаудың бірыңғай алгоритмін қалыптастыру үшін цифрлық платформалардағы әріптестерімізбен жұмыс істейміз», — деді вице-министрдің бірінші орынбасары.

Сонымен қатар мемлекет интернет-платформалардың техникалық мүмкіндіктерін ғана емес, балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ата-аналардың рөлін де ескеруді жоспарлап отыр.

«Біздің ойымызша, балалардың ашық кеңістікті, қауіпсіз цифрлық ортаны пайдалануына қатысты ата-аналардың, әрқайсымыздың жауапкершілігіміз маңызды», — деп атап өтті Ысқақов.

Вице-министрдің бірінші орынбасары білім беру мазмұнының қолжетімділігі мәселесіне де жеке тоқталды. Оның айтуынша, енгізілетін шектеулер тиімді болуы керек, бірақ балалардың пайдалы ақпарат алуына кедергі келтірмеуге тиіс.

«Шектеулер тиімді болып, балалардың білім беру және басқа да маңызды контентті алуына кедергі келтірмеуі үшін біз барлық қауымдастықтармен және цифрлық платформалармен жұмыс істейміз», — деді ол.

Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қанат Ысқақов бастаманы іске асыру мүдделі тараптармен ынтымақтастық орната отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын да атап өтті.

«Мұны серіктестерімізбен келісіп, өзара бірлесіп жұмыс істеу арқылы біртіндеп жүзеге асырамыз», — деп қосты вице-министрдің бірінші орынбасары.

Осылайша, бастаманы іске асырудың негізгі шарттарының бірі — мемлекет, цифрлық платформалар және ата-аналар қауымдастығы арасында ортақ ұстаным қалыптастыру.

Astana Media Week 2026 форумы Астанада 14–16 қазан аралығында өтеді. Форум ақпарат саласының болашағын талқылау үшін мемлекеттік органдардың, медиаиндустрияның, халықаралық цифрлық платформалардың өкілдері мен сарапшылар қауымдастығын біріктіреді.