475

Астанадағы түзету балабақшасында балаларды орындыққа байлап, аяқкиіммен ұрған

Әлеуметтік желіде тараған видеода балалардың орындыққа мата арқылы байланғаны және әйелдің бір бүлдіршінді аяқкиіммен басынан ұрғаны көрінеді.

Астанадағы түзету балабақшасында балаларды орындыққа байлап, аяқкиіммен ұрған
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желіде Астанадағы түзету балабқашаларының бірінде балаларға қатыгездік көрсетілгені түсірілген видео тарады. Кадрлардан бүлдіршіндердің орындыққа матамен байланғанын, ал әйелдердің бірі баланың басынан аяқкиіммен ұрғанын көруге болады.

Threads әлеуметтік желісінде жарияланған видео желі қолданушыларының наразылығын туғызды. Жазба авторы балаларға мұндай қатыгездік көрсетілуіне қарсылық білдіріп, осындай әрекетке баратын адамдардың мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде жұмыс істеуге құқығы бар-жоғына күмән келтірген. Ол бұған дейін өзі де балабақшада жұмыс істегенін айтып, көргенінен кейін өз балаларын балабақшаға беруге қорқатынын жеткізген.

Ата-аналардың айтуынша, оқиға Лепсі көшесі, 22-мекенжайында орналасқан «Результат» түзету балабақшасында болған. Сондай-ақ олар мұндай жағдайлар бұған дейін де қайталанған болуы мүмкін екенін алға тартқан.

Астана қаласының полиция департаменті Liter.kz басылымына видеожазбаның 2025 жылғы қазанда түсірілгенін хабарлаған. Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Полицияның мәліметінше, түзету балабақшасында тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істеген әйелдің жеке басы анықталған. Ол полиция басқармасына жеткізілген. Сонымен қатар зардап шеккен балалардың ата-аналары да анықталған.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. 

Материал авторы