1621

Мұнайдан Ұлттық қорға түсетін кіріс азаяды

Құрылтай депутаттары 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Мұнайдан Ұлттық қорға түсетін кіріс азаяды
pexels.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның Ұлттық қорына мұнай секторындағы ұйымдардан 2027 жылы түсетін кіріс 3 781,8 млрд теңге көлемінде болжанып отыр. Бұл — 2026 жылға арналған бағалаудан 342 млрд теңгеге аз.

Құрылтай депутаттары «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа қатысты қорытындыда Құрылтайдың Қаржы және бюджет комитеті мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін қаражат көлеміне қатысты болжамды жариялаған.

Есеп бірнеше негізгі көрсеткішке сүйеніп жасалған. Атап айтқанда, 2027 жылы Қазақстанда 96 млн тонна мұнай өндіріледі, әлемдік нарықта мұнайдың бір баррелі 70 доллар болады және АҚШ долларының бағамы 480 теңге деңгейінде қалыптасады деп болжанып отыр.

Мұнай өндіру көлемі қандай?

Бұған дейін Қазақстанда мұнай өндіру бойынша қалыптасқан жоспарлы көрсеткіштен артта қалу көлемі 4 млн тоннаға қысқарғаны хабарланған еді.

Ағымдағы жылдың алғашқы тоғыз айындағы мәлімет бойынша, негізгі кен орындарындағы мұнай өндірісі мынадай болды:

  • Теңіз кен орны — 26,7 млн тонна, жоспардың 88%-ы;

  • Қашаған кен орны — 12,8 млн тонна, жоспардың 94%-ы;

  • Қарашығанақ кен орны — 7,5 млн тонна, жоспардың 82%-ы.

Қазақстан экономикасына арналған болжам

Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Құрылтайдың жалпы отырысында Қазақстанның 2027–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырған болатын.

Мұнай секторынан түсетін кіріс көлемі де алдағы жылдарға арналған республикалық бюджет көрсеткіштерін жоспарлау кезінде ескеріліп отыр. 

Материал авторы