Илон Маск триллионер мәртебесінен айырылды

SpaceX акцияларының 3 пайызға арзандауы Илон Масктың байлығын шамамен 28,6 млрд долларға қысқартып, оны қайтадан триллионерлер қатарынан шығарды.

Илон Маск триллионер мәртебесінен айырылды
REUTERS/Tingshu Wang

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, SpaceX акцияларының сейсенбі күні 3 пайызға арзандауы Илон Масктың байлығын шамамен 28,6 млрд долларға қысқартты. Соның салдарынан кәсіпкер қайтадан триллионер мәртебесінен айырылды. Бұл туралы Forbes жазды.

Forbes бағалауынша, сейсенбі күнгі жағдай бойынша Масктың таза байлығы 977,2 млрд долларға дейін төмендеген. Сонымен қатар Tesla акцияларының құны да 0,5 пайызға азайды.

Маск екі компанияның да акционері болғандықтан, оның дәулеті SpaceX пен Tesla акцияларының нарықтағы бағасына тікелей байланысты. Тамыз айында реттеуші органдарға ұсынылған құжаттарға сәйкес, кәсіпкер SpaceX акцияларының шамамен 48,4 пайызына, ал Tesla акцияларының 11 пайызына иелік етеді.

Триллионер мәртебесін қайта-қайта жоғалтып жүр

SpaceX маусым айында акцияларын ашық нарыққа орналастырғаннан кейін Илон Маск әлемдегі алғашқы триллионер атанған еді. Алайда компания акциялары кейінгі күндері күрт арзандап, кәсіпкер бұл мәртебесінен айырылды.

Соңғы айларда оның байлығы құбылып тұр. Өткен аптаның соңында Tesla мен SpaceX акцияларының өсуі Маскқа триллионер мәртебесін қайта алуға мүмкіндік берген. Бірақ SpaceX бағалы қағаздарының кезекті төмендеуі бұл көрсеткішті тағы өзгертті.

Жасанды интеллект чиптері нарығындағы құлдырау

SpaceX акцияларының арзандауы Азия нарықтарында сейсенбі күні басталған жасанды интеллектке арналған чиптерді жаппай сатумен тұспа-тұс келді. Бұл құбылыс, әсіресе, Оңтүстік Кореяның SK Hynix және Samsung компанияларына, сондай-ақ Тайваньның TSMC компаниясына әсер етті.

АҚШ нарықтары ашылғаннан кейін Nvidia, Broadcom және Intel секілді чип өндірушілердің акциялары да аздап төмендеді.

Бұған дейін Илон Масктың Дональд Трамп әкімшілігімен ынтымақтастықты қайта жандандыратыны хабарланған еді. Ол Пентагонның «Меридиан» атты жаңа жобасына Палмер Лаки және Ньют Гингричпен бірге тең төраға ретінде қатысады деп жоспарланған. 

Материал авторы