Атыраудың бұрынғы әкімі Шәкір Кейкинге қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды
Тергеу Шәкір Кейкин мен оның бұрынғы орынбасары алаяқтыққа қатысы жоқ деген қорытындыға келген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атыраудың бұрынғы әкімі Шәкір Кейкин мен оның бұрынғы орынбасары Мейіржан Мұқасовқа қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды. Тергеу олардың алаяқтыққа қатысы жоқ деген қорытындыға келген. Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымы хабарлады.
Адвокат Нұрлан Жолболовтың айтуынша, тергеу төрт-бес айға созылған. Прокуратура қылмыстық қудалауды тоқтату туралы шешімнің заңдылығын тексеріп, оны мақұлдаған.
Іс бойынша қалған екі күдікті — Бейбіт Мағзұмов пен Әнуар Күншіғарoв. Оларға алаяқтық жасады деген айып тағылған. Қазір іс материалдарын сотқа жолдауға дайындық жүріп жатыр.
Мағзұмов бұған дейін коммуналдық қызмет көрсету саласындағы компания бас директорының орынбасары болған. Екі күдікті де әр жылдары кәріз жүйесіне қызмет көрсететін «BM SERVICE STROI» ЖШС-ін басқарған.
Шәкір Кейкин 2023 жылдың шілдесінен бастап Атырау қаласын басқарған. Биыл қыркүйекте қызметінен кетті. Бұған дейін оған қатысты тергеу әрекеттері жүргізілгені хабарланғанымен, адвокаттың мәліметінше, бұрынғы әкімге айып тағылмаған.
Іс аясында шамамен 40 миллион теңге жымқырылды деген ақпарат тараған. Кейін «Ақ Жайық» басылымы Бейбіт Мағзұмовтың атына тіркелген жеке кәсіпкерлік ассенизаторлық техниканы жалға беру үшін құны 41 миллион теңгеден асатын мемлекеттік келісімшарт алғанын жазған. Алайда бұл келісімшарттың қылмыстық іске қатысы бар-жоғы әзірге белгісіз.
Адвокаттың айтуынша, Атырау әкімдігі басшылығына қатысты бөлек тергеулерді өзара байланыстыруға негіз жоқ. Істің сотқа жетуі мүмкін қалған бөлігі бойынша күдіктілерге тағылған айыптар мен дәлелдер кейінірек нақтылануы ықтимал.
Материал авторы