Алматы полициясы атышулы блогерге іздеу жариялады
Блогер елден кетіп қалған болуы мүмкін.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда әлеуметтік желіде Nazarrollan атымен танылған 28 жастағы блогер Назар Роллан іздеуге жарияланды. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында оған қатысты іздеу ісі 2026 жылғы 14 қазанда тіркелген.
Порталдағы мәліметке сәйкес, іздеу бастамашысы ретінде Қазақстанның Ішкі істер министрлігі көрсетілген. Блогерді іздестіруді Алматы қаласы Алмалы аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр.
«Криминальный Казахстан» Telegram-арнасының мәліметінше, Назар Роллан Алматыдағы дәмханалардың бірінде болған төбелеске қатысты қылмыстық іс бойынша күдікті болуы мүмкін. Дереккөздің хабарлауынша, бұл іске блогердің сүйіктісінің де қатысы болуы ықтимал.
Арнаның мәліметінше, Роллан тергеу әрекеттеріне шақырылғанымен, белгіленген уақытта келмеген. Осыдан кейін оған іздеу жарияланғаны айтылады.
Сондай-ақ дереккөз блогердің Қазақстаннан кетіп қалуы мүмкін екенін жазған. Болжам бойынша, ол Таяу Шығыс елдерінің бірінде немесе Оңтүстік-Шығыс Азияда болуы ықтимал. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Назар Роллан бұған дейін де бірнеше рет жауапқа тартылған
2018 жылы блогер жол қозғалысы ережелерін 14 рет бұзған. Сол кезде ол көлік жүргізіп отырып виски ішкенін түсіріп, Алматыдағы әл-Фараби даңғылымен қарсы бағытта жүрген видеосын жариялаған. Нәтижесінде көлік жүргізу құқығынан алты айға айырылған.
Сол жылы әл-Фараби даңғылы мен Мұстафин көшесінің қиылысында жол талғамайтын көлікке байланған шанамен жүргені үшін ұсақ бұзақылық жасаған деп танылып, жеті тәулікке әкімшілік қамаққа алынған.
2019 жылдың қаңтарында Назар Роллан достарымен бірге пранк жасау үшін Алматы әуежайындағы жолаушыларды тіркеу рәсімін бұзған. Сол жылдың қазан айында ол көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, Porsche көлігін мас күйде басқарғаны үшін ұсталып, сот шешімімен 20 тәулікке қамалған.
2026 жылдың қыркүйегінде блогер полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбағаны үшін үш тәулікке әкімшілік қамаққа алынған. Ол кезде полиция қызметкерлерінің міндетін атқаруына кедергі келтіріп, оқиғаны камераға түсіргені хабарланған.
Материал авторы