Ыстанбұлды нөсер басты: 14 жастағы бала қаза тауып, жүздеген үйді су басты (ВИДЕО)
Бір тәулікте төтенше жағдай қызметтері 2 518 хабарлама қабылдаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркияның Ыстанбұл қаласында толассыз жауған жаңбыр салдарынан ауқымды су басу оқиғалары тіркелді. Табиғи құбылыс көлік қозғалысын қиындатып, жүздеген тұрғын үй мен кәсіпкерлік нысанға зиян келтірді. Сонымен қатар 14 жастағы жасөспірім электр тогына түсіп, көз жұмды.
Жаңбыр 14 қазан күні таңертең басталған. Соның салдарынан қаланың көшелері мен жолдарын су басып, көлік қозғалысы айтарлықтай қиындады.
Фатих ауданында 14 жастағы бала шалшық суды басқан кезде электр тогына түскен. Ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Бір тәулік ішінде Ыстанбұлдың Төтенше жағдайлар басқармасы мен жедел шақыру орталығына су басу, көшкін, адамдардың қамалып қалуы және шатырлардың зақымдануы туралы 2 518 хабарлама түскен.
Алдын ала мәлімет бойынша, су 76 көлікті, 808 тұрғын үйді және 280 кәсіпкерлік нысанды басқан.
Қала губернаторы Давут Гүл 15 қазанда провинция аумағындағы барлық мемлекеттік және жекеменшік оқу орындарында сабақтарды дәстүрлі форматта өткізуді тоқтату туралы шешім қабылдады.
Билік өкілдері жауын-шашынның жалғасуы мүмкін екенін ескертіп, тұрғындар мен туристерді аса қажет болмаса, үйден шықпауға шақырды. Сондай-ақ жерасты өткелдеріне, өзен арналарына және су басу қаупі жоғары аумақтарға бармауға кеңес берілді.
Материал авторы