Ақтөбеде әйелді интим видеомен бопсалаған ер адам ұсталды
Полиция екі күдіктіні де жәбірленушілерден ақша алып жатқан кезде ұстағанын хабарлады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысында ақша бопсалады деген күдікпен екі ер адам ұсталды. Олардың бірі шахтада жұмыс істейтін танысынан 500 мың теңге талап етсе, екіншісі бұрын жақын қарым-қатынаста болған әйелді интим сипаттағы видеоларды туыстары мен таныстарына таратып жіберемін деп қорқытқан.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында өңір тұрғындарынан ақша талап етті деген күдікке ілінген екі ер адамды ұстаған.
Бірінші оқиға Хромтау қаласында болған. Жас жаттықтырушы шахтада жұмыс істейтін танысынан ешқандай заңды негізсіз 500 мың теңге талап еткен. Ақшаны беруден бас тартқан жағдайда оған күш қолданатынын айтып қорқытқан.
Екінші жағдайда Ақтөбе қаласының тұрғыны бұрын жақын қарым-қатынаста болған әйелді бопсалаған. Күдікті одан 700 мың теңге талап етіп, интим сипаттағы бейнежазбаларды туыстары мен таныстарына таратып жіберетінін айтып қоқан-лоқы жасаған.
Полицияның хабарлауынша, екі күдіктіні де Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жәбірленушілерден ақша алып жатқан кезде ұстаған.
Қазір ер адамдар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Екі дерек бойынша да Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабы — бопсалау бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Материал авторы