691

«Асырай алмаса, тумасын»: 9 жасар курьер баланың видеосы жұртты алаңдатты

4 сынып оқушысы анасына курьер боп көмектесіп жүрген.

«Асырай алмаса, тумасын»: 9 жасар курьер баланың видеосы жұртты алаңдатты
threads.com/@raimbek_tuleshev

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Threads қолданушылары тоғыз жастағы баланың Wolt жеткізу қызметінде курьер болып жүргені туралы жазбаны қызу талқылап жатыр.

Куәгерлердің айтуынша, төртінші сынып оқушысы анасына тапсырыстарды жеткізуге көмектеседі. Бұл оқиға балалар еңбегі, әлеуметтік жәрдемақы көлемі және қазақстандық отбасылардың нақты қаржылық жағдайы туралы пікірталас туғызды.

Оқиға туралы алғашқылардың бірі болып Райымбек Тулешев есімді қолданушы жазған. Оның айтуынша, қоғамдық көлікте тоғыз жастағы баланы кездестірген. Төртінші сыныпта оқитын оқушы арнайы бауға бекітілген смартфон арқылы жеткізу тапсырыстарын қабылдап отырған.

«Көмектескім келді, бірақ ол келесі аялдамадан түсіп кетті де, байланыс деректерін алып үлгермедім. Жүрегім ауырып кетті, көмектесейік. Ақшаның жоқ екенін түсінемін, бірақ балалар бала болып қалуы керек. Оның немесе анасының нөмірін білетіндер бар ма?» – деп жазды Райымбек Тулешев.

«Мәселені жасыра беруден шаршадым»

Жазба аз уақыт ішінде әлеуметтік желіде кең тарады. Кейін автор бұл оқиғаны әдейі көпшілікке жариялағанын түсіндірді. Оның мақсаты – қоғам мен биліктің назарын әлеуметтік мәселелерге аудару.

«Осы жазбадан кейін біреу кішкентай курьерлерге шайпұл қалдыра бастаса, үкіметте жәрдемақы мәселесі көтерілсе, адамдар балалар мен емізулі сәбиі бар аналардың жеткізу қызметіне жақсы өмірден шықпайтынын түсінсе деймін. Мәселені жасыру – бүгінгі жағдайға жетуіміздің себептерінің бірі», – деп атап өтті ол.

Желі қолданушылары екіге бөлінді

Пікір білдірушілердің бір бөлігі қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсетуге шақырды. Олар курьерлерге қолдан келгенше қаржылай көмектесіп, тапсырыс үшін төленетін ақыдан бөлек шайпұл қалдыруды ұсынды.

«Жазбаны өшірмеңіздер. Балалардың отбасында тамаққа ақша жетпегендіктен жұмыс істеуге мәжбүр болып жүргенін жұрттың бәрі көрсін», – деп жазды талқылауға қатысушылардың бірі.

Тағы бір қолданушы балалар-курьерлер кездескенде мүмкіндігіне қарай оларға қосымша 1–2 мың теңге аударып беретінін айтты.

Алайда желіде баланың ата-анасын сынағандар да болды. Олар отбасын жоспарлауға және баланың материалдық жағдайын ескеруге шақырды.

«Қаржылық жағдайларың тұрақты болғанда ғана саналы түрде бала сүйіңдер. Баланың жұмыс істеп жүргенін көру ауыр. Оның анасының қателігін енді ешкім қайталамаса екен», – деп жазды қолданушылардың бірі.

Сонымен қатар кейбір желі қолданушылары оқиғаның жария болуы отбасыға кері әсер етуі мүмкін екенін айтып, баланың анасына әкімшілік жауапкершілік жүктелуі немесе айыппұл салынуы ықтимал деп алаңдады.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор