Астанада ер адам қыздың соңынан аңдып, бөксесінен ұстаған
Қыздың айтуынша, полицияға жүгінгеннен кейін қызметкер бейнежазбаны көріп, оқиғаны аса маңызды жағдай ретінде бағаламаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада бойжеткен көшеде бейтаныс ер адамның соңынан аңдып, кейін өзіне әдепсіз әрекет жасағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, полицияға жүгінген кезде қызметкер оқиғаның бейнежазбасын көріп, жағдайды аса маңызды деп бағаламаған.
Қыз оқиғаның мән-жайын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған. Тараған видеода ер адамның біраз уақыт бойы оның соңынан еріп жүргені байқалады. Кейін ғимараттың кіреберісінде ер адам қыздың бөксесінен ұстап, оқиға орнынан кетіп қалған.
Бойжеткеннің сөзінше, осы жағдайдан кейін ол полицияға арызданған. Алайда тәртіп сақшысы ер адамның бұдан былай оған зиян келтірмеуі мүмкін екенін айтқан.
Оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Жазбаға пікір қалдырған басқа әйелдер де осындай жағдайларға тап болғанын бөлісті.
Полиция не дейді?
Астана қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, елорда тұрғынынан бейтаныс ер адамның заңға қайшы әрекеттері туралы арыз түскен. Оқиға тіркеліп, полиция қызметкерлері қыздың соңынан еріп, ғимараттың кіреберісінде оған қатысты әдепсіз сипаттағы әрекет жасаған ер адамды анықтаған.
Қазір аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесіне қарай ер адамға заңда белгіленген тәртіппен тиісті шара қолданылады.
Материал авторы