«Президентім… яғни күйеуім»: Трамптың баспасөз хатшысының алғашқы брифингі желіде тарады
Ақ үйдің жаңа баспасөз хатшысы Кэти Захария отбасын сөз етіп тұрып, «президентім» деудің орнына «күйеуім» деп қателесіп, кейін өзі де әзілдеген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақ үйдің жаңа баспасөз хатшысы Кэти Захарияның алғашқы брифингі тосын үзілістер мен ыңғайсыз сәттерге толы болды. Оның сөз сөйлеген видеосы әлеуметтік желіде кең таралып, журналистер мен желі қолданушыларының талқысына түсті. АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байденнің баспасөз хатшысы болған Джен Псаки бұл көріністі Saturday Night Live әзіл-сықақ шоуындағы скетчке теңеді.
Захария брифингті 13 қазанда, қызметіне кіріскеннен кейінгі күні өткізді. Ол шамамен 14 минут бойы алдын ала әзірленген мәтінді оқып, соңында журналистердің тек үш сұрағына жауап берді. Брифинг аяқталған кезде залда отырған тілшілер таңданысын жасырмаған. Олар әдетте бұдан әлдеқайда ұзаққа созылатын қалыпты баспасөз мәслихатын күткен. Бұл туралы шараға қатысқан CNN тілшісі Кейтлан Коллинз хабарлады.
Әлеуметтік желіде ең көп тараған сәт Захарияның отбасы туралы айтып, қызмет пен төрт баланың тәрбиесін қалай қатар алып жүретінін түсіндірген кезінде болды.
«Сондықтан менің президентім… кешіріңіз, күйеуім», – деп қателескен ол артынша: «Мынау жақсы шықты», – деп әзілдеген.
Бұл сөзді журналистер мен желі қолданушылары бірден іліп әкетті. Репортер Аарон Рупар Захарияның сөзінен кейін бұрынғы баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт оған Уинстон Черчилльдей көріне бастағанын әзілге қосты. Ал Джен Псаки брифингті Saturday Night Live шоуындағы скетчке ұқсатты.
Кейтлан Коллинздің айтуынша, The New York Times тілшісі Шон Маккриш те залда Захарияның қобалжып тұрғаны анық сезілгенін айтқан.
Сын тек сөзінен жаңылуына байланысты болған жоқ. Захария дайын мәтінді оқығанда да кідіріп, кей тұста ойын жүйелі жеткізе алмағаны үшін сыналды. Сонымен қатар ол журналистердің тек Breitbart, Fox News және Daily Mail басылымдарының өкілдері қойған сұрақтарына жауап берді. Псаки бұл тілшілерді мысқылмен «салмақты ойыншылар» деп атаған.
Дегенмен Дональд Трамп баспасөз хатшысының алғашқы жұмысын оң бағалап, оның дебютін «тамаша» деп сипаттады.
Кэти Захария 9 қазанда Ақ үйдің баспасөз хатшысы болып тағайындалған. Ол қызметіне 12 қазанда кірісіп, тамыз айының соңында лауазымынан кеткен Кэролайн Левиттің орнына келді.
Материал авторы