1018

СҚО-да бес көлік соқтығысып, үш адам көз жұмды

Жантүршігерлік жол апаты Петропавл – Көкшетау тасжолында болған.

СҚО-да бес көлік соқтығысып, үш адам көз жұмды
pkzsk.info

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында үш жеңіл көлік пен екі КамАЗ соқтығысып, үш адам көз жұмды. Тағы екі адам жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді.

Қайғылы жол апаты 15 қазан күні таңғы сағат 8 шамасында республикалық маңызы бар «Петропавл – Көкшетау» тасжолында, Кременчуг ауылының маңында болған.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Audi маркалы жеңіл көліктің үш жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында немесе апаттан кейін көз жұмған. Аталған көліктің жүргізушісі мен тағы бір жолаушы медициналық мекемеге жеткізіліп, оларға қажетті көмек көрсетіліп жатыр.

Қалған көліктердің жүргізушілері зардап шеккен жоқ.

Қазіргі уақытта полиция жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның абайсызда қаза табуына байланысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Оқиғаның себептері мен мән-жайын жан-жақты анықтау үшін бірқатар тергеу әрекеті қолға алынып, сараптамалар тағайындалған.

Материал авторы