1016

«Тортқа таласады»: Жанар Айжанова тойдағы дәстүрге айналып бара жатқан олқылықтарды сынады

Жанар Айжанова әлеуметтік желілерде жиі талқыланатын торт жеу және мәһр беру дәстүрін сынап тастады.

«Тортқа таласады»: Жанар Айжанова тойдағы дәстүрге айналып бара жатқан олқылықтарды сынады
instagram.com/zhanar_aizhanova

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, танымал әнші әрі актриса Жанар Айжанова қазіргі жастардың отбасылық өмірге деген көзқарасы, мәһр сұрау дәстүрі және тойдағы келеңсіздіктер туралы пікір білдірді. Өнер иесі әсіресе той тортын бөлісуге байланысты туындайтын жанжалдарды сынға алды.

«Айтарым бар» подкастына берген сұхбатында әнші заман өзгерген сайын қыз-келіншектердің некеге және отбасылық міндеттерге қатысты ұстанымы да өзгергенін айтты.

Оның сөзінше, бұрын тұрмысқа шыққан қыздарға барған жерінің берекесін кіргізіп, күйеуінің абыройын арттыру жөнінде ақыл айтылса, қазіргі жастар ең алдымен өз бақытына мән береді.

«Қазір заман басқа. Тұрмысқа шығып жатқан қызға “Жақсы әйел бол, еркектің басын төрге сүйре” деп көрші. “Есің дұрыс па? Мен неге оны сүйреуім керек? Өз өмірім бар. Керісінше, еркек мені асырауы керек” дейді. Ол да дұрыс шығар. Бұрын қыздарға “Барған жеріңді бақытты қыламын деп бар” дейтінбіз. Ал қазір “Неге мен оларды бақытты етуім керек? Ең алдымен өзім бақытты болуым керек” дейді. Негізі екі жас бір-бірімен бақытты болса, айналасына да нұрын шашады. Оны көрген ата-анасы да бақытты болады», – деді Жанар Айжанова.

Әнші кейінгі жылдары жиі талқыланып жүрген мәһр мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, кейбір қыздар болашақ жарының қаржылық мүмкіндігін ескермей, қымбат сыйлықтар талап етеді.

«Мен мәһрді әлі күнге дейін түсінбеймін. Кезінде біз мәһрсіз-ақ тұрмысқа шықтық. Қазір “Мәһрге не сұрайсың?” десе, неше түрлі нәрсені айтады. Өзі таңдап, тұрмысқа шығып жатқан ер адамнан бірден көлік немесе басқа да қымбат дүние сұрайды. Оның шамасы келе ме, келмей ме, оған қарамайды. Мұндай мәселені екі жас алдын ала өзара келісіп шешуі керек», – деді өнер иесі.

Жанар Айжанова қазіргі тойларда жиі кездесетін тағы бір даулы жағдай – тортты бөлісу мәселесін сынға алды. Әншінің айтуынша, екі жасқа арналған тортты кімнің бірінші ауыз тиетініне қатысты түсініспеушіліктер кейде екі жақтың ата-анасы арасындағы жанжалға ұласады.

«Екінші жақтырмайтын дүнием – тойдағы торт. Қазір әлеуметтік желіні ашсаң, торт деген бір бәле болды. Сол тортты бермей-ақ қойса екен. “Екі жастың тәтті торты келе жатыр” дегенде қыз жақтың да, жігіт жақтың да ата-анасы жетіп келеді. Торт жемей жүргендей екі жаспен жағаласады. Соның кесірінен ажырасып жатқандар да бар. Екі жас бірінші ауыз тиіп, кейін даяшылар бөліп берсе, бәрі де дәм татады ғой. Ал қазір торттың дауы ажырасуға дейін апарып жатыр. Мұны қазіргі заманның “тоғызы” дер едім», – деді әнші.

Өнер иесінің пікірінше, тойдағы дәстүрлер мен сыйлықтарға қатысты мәселелер жастардың қарым-қатынасына сызат түсірмеуі керек. Екі жастың өзара түсіністігі мен ортақ шешімге келуі отбасылық татулық үшін маңызды. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор