584

Алматыдағы жаппай уланған оқушылардың саны 55-ке жетті

Асханадағы санитариялық талаптардың бұзылғаны анықталғаннан кейін мектеп қашықтан оқыта бастады.

Алматыдағы жаппай уланған оқушылардың саны 55-ке жетті
КТК

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің жедел ішек инфекциясына ұқсас белгілері бар оқушыларының саны 55-ке жетті. Балалардың барлығы қалалық балалар клиникалық инфекциялық ауруханасына жатқызылған.

15 қазанда медициналық мекемеге тағы төрт оқушы жеткізілген. Осылайша, 12 қазаннан бері ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға түскен мектеп оқушыларының жалпы саны 55-ке жетті.

Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы балалардың жағдайына қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның хабарлауынша, барлық науқасқа қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр. Емделушілер үшін тиісті жағдай жасалып, олардың денсаулығын мамандар тұрақты бақылауда ұстап отыр.

«Қазіргі уақытта ауруханаға жатқызылған балалардың жағдайы тұрақты, динамикалық бақылау барысында нашарлау байқалмайды», – деп мәлімдеді басқарма.

Сондай-ақ ведомство ауруханаға түскен балалардың ешқайсысына реанимациялық шаралар қажет болмағанын атап өтті.

Еске салайық, 12 қазанда Алматыдағы РФММ-нің 48 оқушысы ішек инфекциясына тән белгілермен ауруханаға жеткізілген болатын. Осы оқиғадан кейін мектептің, интернаттың және асхананың жұмысы уақытша тоқтатылды.

Полиция аталған жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады. Санитариялық-эпидемиологиялық тексерудің қорытындысы негізінде оқиғаның мән-жайы анықталып, тиісті процестік шешім қабылдануы керек.

Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі де жағдайды бақылауға алды. Ведомство РФММ-ге Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің, тиісті аумақтық органдардың және «Өркен» балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету ұлттық ғылыми-практикалық институтының өкілдері кірген мониторинг тобын жіберді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мектеп асханасында санитариялық талаптардың бұзылғаны анықталған. Білім ордасы қашықтан оқыту форматына көшіріліп, шектеу шаралары енгізілген. Қазір оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.

Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева да Алматыға барып, ауруханаға түскен балалардың жағдайымен танысқан. 

Материал авторы