Семейде сәбиінің өліміне қатысы бар бұрынғы полицей өмір бойына сотталды
Тергеу дерегіне сәйкес, әйел жүктілігін жасырып, үйінде босанған, ал сараптама нәрестенің тоңып көз жұмғанын анықтаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семей қаласында жаңа туған қызының өліміне қатысы бар ата-анаға қатысты сот үкімі шықты. Нәрестенің денесі 2026 жылғы ақпанда қоқыс контейнерінен табылған. Сот 26 жастағы әкесін өмір бойына бас бостандығынан айырса, 21 жастағы анасы екі жылға сотталғанымен, рақымшылыққа ілінген. Бұл туралы КТК телеарнасы жазды.
Тергеу мәліметінше, әйел жүктілігін айналасындағылардан жасырған және үйінде босанған. Кейін ол сәбиі дүниеге келген кезде тіршілік белгілері болмағанын айтқан. Алайда сараптама нәрестенің тоңып қалу салдарынан көз жұмғанын анықтаған.
Тергеу барысында сәбидің әкесінің де оқиғаға қатысы бары анықталған. Ол жаңа туған қызды қоқыс контейнеріне қалдырған. Ерекше назар аударарлығы — баланың ата-анасының екеуі де ішкі істер органдарында қызмет еткен. Сот шешімімен екеуі де арнайы атақтарынан айырылды.
Сот 21 жастағы әйелді кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда ол рақымшылыққа ілінді. Ал 26 жастағы жұбайына өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы берілді.
«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – деді судья.
Еске салайық, 2026 жылғы 3 ақпанда Семей қаласындағы қоқыс контейнерінен жаңа туған қыздың денесі табылған болатын. Осы оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп, іс сотта қаралды.
Материал авторы