607

Халыққа төленетін екі әлеуметтік жәрдемақы түрі өседі

Ведомство төлемдерді көтеру осы көмекті алатын азаматтардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге бағытталғанын мәлімдеді.

Халыққа төленетін екі әлеуметтік жәрдемақы түрі өседі
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайларына байланысты әлеуметтік төлемдерді 8,5%-ға көтеру ұсынылды. Бұл өзгеріс Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алатын азаматтарға қатысты. Бұл туралы Kazinform басылымы жазды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік төлемдердің мөлшерін арттыруды көздейтін Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Құжатқа сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бұрын тағайындалған мына екі санаттағы төлемді 8,5%-ға индекстеу ұсынылып отыр:

  • еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайына байланысты төлемдер;

  • асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлемдер.

Министрлік бұл бастама аталған төлемдерді алушылардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға бағытталғанын түсіндірді.

Қаулы жобасы 15 қазанда «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Құжатты қоғамдық талқылау 2 қарашаға дейін жалғасады. Демек, төлемдерді көтеру әзірге ұсыныс деңгейінде, ал түпкілікті шешім жобаны қарау қорытындысына байланысты қабылданады.

Еске салайық, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда отбасылардың мұқтаждық деңгейін бағалау кезінде олардың кірісімен қатар шығысы да ескерілуі мүмкін. Отбасылардың банктік шоттары мен депозиттері туралы мәліметтер банктерден азаматтардың келісімімен беріледі.

Сонымен бірге Қазақстанда жұмыс істейтін әйелдерге төленетін декреттік төлемдер отбасының табыс деңгейіне қарамастан сақталады. 

Материал авторы