Алматыда мас шетелдік полициядан қашпақ болды
Қытай нөмірлі көлікті қуған полиция жүргізушінің мас екенін анықтады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда Қытай нөмірлі көлікті басқарған шетелдік азамат патрульдік полицияның тоқтау туралы талабын орындамай, қашуға тырысқан. Алайда полицейлер көлікті бұғаттап, жүргізушіні медициналық тексеруге жіберді. Оның алкогольдік мас күйде болғаны анықталды.
Ведомствоның мәліметінше, «Буран-230» экипажы Райымбек даңғылымен батыс бағытта келе жатқан көлікті байқаған. Қытай нөмірлі автокөліктің жүргізушісіне тоқтау туралы талап қойылғанымен, ол полицияға бағынбай, қозғалысын жалғастырған.
Патрульдік полиция көлікті қуып, ақыры оның жолын бөгеп, қозғалысын тоқтатқан.
«Жүргізуші көлікті тоқтату туралы заңды талапқа бағынбады. Нәтижесінде автокөлікті бұғаттауға мүмкіндік болды», – деп хабарлады полиция.
Ер адамның әрекеті күдік тудырғандықтан, ол медициналық куәландырудан өткізілді. Тексеру нәтижесінде жүргізушінің орташа дәрежеде алкогольдік мас күйде болғаны расталды. Іс материалдары сотқа жолданды.
Бұған дейін Алматыда тағы бір мас жүргізушінің Toyota Camry көлігін тастап, полициядан қашуға тырысқаны хабарланған еді.
Материал авторы