544

Астанада жетім балалар мен көпбалалы отбасыларға арналған пәтерлерді заңсыз иемденбек болғандар әшкереленді

Қаржылық мониторинг агенттігі 170 жылжымайтын мүлік нысанын заңсыз рәсімдеу әрекетінің жолын кесіп, олардың жалпы құны 4,4 млрд теңгеден асатынын мәлімдеді.

Астанада жетім балалар мен көпбалалы отбасыларға арналған пәтерлерді заңсыз иемденбек болғандар әшкереленді
ҚМА

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада жетім балаларға, көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар адамдарға және әлеуметтік осал санаттағы өзге де азаматтарға берілуі тиіс пәтерлерді жалған құжаттар арқылы иемдену әрекеті анықталды. Қаржылық мониторинг агенттігі 4,4 млрд теңгеден асатын жылжымайтын мүлікті заңсыз иеленуге бағытталған схеманың жолы кесілгенін хабарлады. 

Агенттік мәліметінше, «Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативін басқарған А. Байжұманов бір жарым мың үлескердің 10 млрд теңгесін жымқыру схемасын ұйымдастырған. Осы іс бойынша ол 2016 жылы сегіз жылға бас бостандығынан айырылған.

Кейін Астана әкімдігінің қатысуымен тұрғын үйлердің құрылысы аяқталған. Пәтерлердің бір бөлігі көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, мүгедектігі бар азаматтарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын өзге де адамдарға берілуге тиіс болған.

Алайда Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, түрмеден босап шыққаннан кейін А. Байжұманов сыбайластарымен бірге осы жылжымайтын мүлікті иемденудің жаңа схемасын әзірлеген.

Жалған үлескерлер арқылы пәтер рәсімдемек болған

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер іс жүзінде үлескер болмаған әрі пәтер сатып алмаған азаматтардың атына үлестік жарна төлеу туралы жалған шарттарды кейіннен, яғни кері күнмен рәсімдеген. Одан соң осы адамдардың атынан құқық қорғау органдарына алаяқтық жасалды деген мазмұнда арыздар берілген.

Осы арыздардың негізінде қылмыстық істер қозғап, жалған үлескерлерді жәбірленуші ретінде тану көзделген. Кейін алынған сот шешімдерін пәтерлерді өз атына рәсімдеу үшін пайдаланып, жылжымайтын мүлікті үшінші тұлғаларға сатып, түскен ақшаны схемаға қатысушылар арасында бөлуді жоспарлаған.

Тергеу барысында схемаға 80-нен астам жалған үлескердің тартылғаны анықталған. Олардың атына 170 жылжымайтын мүлік нысанын рәсімдеу жоспарланыпты. Осылайша, жалпы құны 4,4 млрд теңгеден асатын баспананы заңсыз иемдену әрекетінің жолы кесілген.

Агенттік мәліметінше, схемаға қатысушылардың міндеттері алдын ала бөлінген. Біреулері жалған үлескерлерді іздеп, олардың атына жалған шарттар рәсімдесе, енді біреулері жылжымайтын мүлікті үшінші тұлғаларға өткізумен және қылмыстық істердің жүргізілуін сүйемелдеумен айналысқан.

Сонымен қатар жалған үлестік жарна шарттары азаматтарға сатылған. Осының салдарынан келген шығын 400 млн теңгеден асқан.

Полиция қызметкерлерінің де қатысы тексеріліп жатыр

Қаржылық мониторинг агенттігі бұл іске полиция қызметкерлерінің де қатысы барын анықтаған. Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және дәлелдемелерді қолдан жасау фактілері бойынша тергеу амалдары басталған.

Қазіргі уақытта 19 адам күдікті деп танылған. Олардың тоғызына қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. Сондай-ақ құны 250 млн теңгеден асатын мүлікке тыйым салынған.

Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қазір тараптар іс материалдарымен танысып жатыр. 

Материал авторы