666

Шикі балықты баланың аузы мен құлағына тыққан: Алматыда балаларды бір айдан астам қорлаған

11 жастағы баланың анасы 13–14 жастағы жасөспірімдер бір айдан астам уақыт бойы кішілерді ұрып-соғып, балағаттап, бір-бірімен төбелесуге мәжбүрлегенін мәлімдеді.

Шикі балықты баланың аузы мен құлағына тыққан: Алматыда балаларды бір айдан астам қорлаған
istockphoto

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда 11 жастағы баланың анасы тұрғын үй ауласында жасөспірімдер кішкентай балаларды бір айдан астам уақыт бойы ұрып-соғып, қорлап келгенін мәлімдеді. Әйелдің айтуынша, 13–14 жастағы жасөспірімдер балаларды балағаттап қана қоймай, бір-бірімен төбелесуге де мәжбүрлеген.

Әйелдің сөзінше, ұлының ішіне және бүйрегіне соққы жасалған. Бұдан бөлек, жасөспірімдер Сайраннан аулап әкелген шикі балықты баланың аузы мен құлағына тыққан көрінеді.

Ананың айтуынша, мұндай әрекеттерді ауладағы өзге балалар да көрген. Ол жасөспірімдер кәмелетке толмағандарды бір-бірімен төбелесуге мәжбүрлегенін, ал балалардың аулада қорқынышпен жүргенін жеткізді.

Анасы полицияға арызданған

Әйелдің мәлімдеуінше, ол полицияға арыз жазған. Өзге ата-аналар да тиісті органдарға шағым түсірген. Алайда анасының айтуынша, арыз бергеннен кейін үш күн өтсе де, онымен ешкім байланыспаған. Сондықтан ол учаскелік инспекторды өз бетінше іздеп, өтінішінің қаралу барысын анықтауға мәжбүр болған.

Әйел әділдікке қол жеткізіп, тек өз баласының ғана емес, ауладағы басқа балалардың да қауіпсіздігін қамтамасыз еткісі келетінін айтты.

Алматы қалалық Полиция департаменті Liter.kz басылымына берген жауабында аталған дерек бойынша Алмалы аудандық полиция басқармасына қарасты бөлім тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады.

«Оқиғаның мән-жайы, соның ішінде оған қатысушылардың барлығы анықталып, жан-жақты әрі объективті түрде зерделенеді», – деп мәлімдеді полиция.

Ведомство өкілдері кәмелетке толмағандардың заңға қайшы әрекеттері расталған жағдайда олардың заңды өкілдеріне қолданыстағы заңнамаға сәйкес шара қолданылатынын атап өтті. Сондай-ақ жасөспірімдерді профилактикалық есепке қою мәселесі қаралады.

Полиция мұндай сипаттағы әрбір өтініш заңда белгіленген тәртіппен қаралатынын мәлімдеді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы тексеріліп жатыр. 

Материал авторы