350

Ресейлік әнші Navai-дің адвокаты Тараздағы тергеу изоляторындағы жағдай туралы айтты

Қорғаушы рэпердің бұрын сотталмағанын алға тартып, бас бостандығынан айырудың орнына айыппұл тағайындауға тырыспақ.

Ресейлік әнші Navai-дің адвокаты Тараздағы тергеу изоляторындағы жағдай туралы айтты
Арина Антонова / ТАСС

Қазақстанда ұсталған ресейлік рэпер Navai-дің адвокаты Рена Керимова оны бас бостандығынан айырудың орнына айыппұл салуға қол жеткізуге тырысатынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол музыканттың Тараздағы тергеу изоляторында қандай жағдайда отырғанын айтты. Бұл туралы РИА Новости агенттігіне хабарлады.

Адвокаттың сөзінше, қорғау тарапы рэперге айыппұл тағайындалуын талап етеді. Ол Navai-дің бұрын сотталмағанын, мінездемесінің жақсы екенін және көпшілікке танымал тұлға екенін алға тартқан.

«Біз оған айыппұл салынуы үшін күресеміз. Бұл оның алғашқы рет жауапқа тартылуы, бұрын сотталмаған, мінездемесі жақсы, танымал адам. Неге оған бірден бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау керек?» – деді Керимова.

Адвокат жексенбі күні кешке рэперді қамауға алу туралы шешімге шағым түсіруді жоспарлап отыр. Оның айтуынша, қорғау құжаттарды дайындауы керек, ал сот шағымды келесі аптада қарауы мүмкін. Істе бір ғана эпизод бар болғандықтан, адвокат сот процесі ұзаққа созылмайды деп есептейді.

Сонымен қатар ол Navai-дің кепілмен босатылуына кепілдік жоқ екенін атап өтті. Бұған рэпердің шетел азаматы болуы себеп. Адвокат ықтимал кепіл сомасын жарияламады.

Керимованың мәліметінше, музыкант қазір Тараз қаласындағы тергеу изоляторында отыр және қамаудағы жағдайға қатысты шағым айтпаған.

«Ол ештеңеге шағымданбайды. Оған өте жақсы қарайды, бәрі қалыпты. Оған сәлем-сауқат әкеліп тұрады. Онымен бірге болған адамдар қазір бостандықта, тұрмыстық мәселелерімен солар айналысып жүр», – деді адвокат.

Navai Қазақстанда не үшін ұсталды?

Еске салайық, 14 қазанда ұйымдастырушылар сол күні кешке өтуі тиіс болған рэпердің концертінің тоқтатылғанын хабарлады. Кейін Жамбыл облысының полиция департаменті Navai-дің есірткі контрабандасына күдікпен ұсталғанын мәлімдеді. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, музыкант уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Рэпердің директоры Рауф Гусанов оның ұсталуына қатысты пікір білдіруден бас тартқан. Ал анасы болған жағдайды «астыртын ұйымдастырылған әрекет» деп атап, ұлының жақын арада босатылатынына сенім білдірген.

Осы оқиғадан кейін Қырғызстанда да тексеріс басталды. Шекара қызметі музыканттың есірткімен шекарадан қалай өткенін анықтап жатыр. Тексеріс нәтижесінде кінәлілер жауапқа тартылуы мүмкін.

15 қазанда бұқаралық ақпарат құралдарында сот санкциясымен Navai-дің екі айға қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады. Жамбыл облысының полиция департаменті бұл мәліметті растады.

Кейін Ресейдің бас консулдығы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілдігіне нота жолдады. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мұндай әрекетті консулдық жұмыстағы қалыпты тәжірибе деп түсіндірді.

Материал авторы