«Тұмар» мен «Үркер – 2026»: Қазақстанның үздік журналистері мен медиа жобалары марапатталды
Байқау тарихында алғаш рет жасанды интеллект саласындағы үздік журналистік жобаға арналған номинация енгізіліп, оның жеңімпазы Altainews Media Centre ұжымы болды.
Астанада Astana Media Week 2026 медиа апталығы аясында «Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтарының жеңімпаздары марапатталды. Биыл бұл екі байқаудың жүлделері алғаш рет ортақ Qazaqstan Media Awardsатауымен табысталды. Сыйлықтарға телевизия, баспасөз, радио және интернет журналистикасы бойынша 600-ден астам өтінім түскен.
Салтанатты рәсімге еліміздің әр өңірінен журналистер, редакторлар, тележүргізушілер мен шығармашылық ұжымдар қатысты.
Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде жасанды интеллект пен жаңа технологиялар қарқынды дамыған кезеңде де кәсіби журналистиканың маңызы жоғалмайтынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы журналистика саласына әрдайым ерекше көңіл бөліп, әлеуметтік және моральдық тұрғыдан үнемі қолдау көрсетіп келеді. Болашақта да мемлекеттің медиа саласына қатысты саясаты өзгермейді деп ойлаймын», – деді министр.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары Сергей Пономарев, Үнзила Шапақ және Жанарбек Әшімжан, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп, Q.AI бас директоры Дмитрий Мун, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры Асқар Омаров, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен медиа саласының өкілдері қатысты.
Биыл жасанды интеллектке арналған жаңа номинация енгізілді
2026 жылғы байқау 12 номинация бойынша ұйымдастырылды. Қазылар алқасы телевизия, баспасөз, радио және интернет журналистикасындағы үздік жұмыстарды бағалады.

Биыл медиатехнологиялардың дамуы мен журналистиканың жаңа форматтарына ерекше назар аударылды. Байқау бағдарламасына алғаш рет «Журналистиканың болашағы: жасанды интеллект саласындағы үздік жоба» номинациясы қосылды.
Жеңімпаздарды белгілі журналистерден, медиа мамандары мен салалық сарапшылардан құралған тәуелсіз қазылар алқасы анықтады.
«Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтары 2017 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен тағайындалған. «Тұмар» отандық телевизияны дамытуға үлес қосқан мамандар мен жобаларды марапаттаса, «Үркер» баспасөз, радио және интернет журналистикасындағы үздік жұмыстарға беріледі.

«Тұмар – 2026» ұлттық телевизиялық сыйлығының жеңімпаздары
-
Үздік тележүргізуші – Вероника Вишневская, «Еуразия» бірінші арнасы.
-
Үздік деректі жоба – 24KZ, «4739».
-
Үздік телевизиялық материал – Qazaqstan, «Қарқынды құрылыс».
-
Үздік әлеуметтік жоба – Jibek Joly, «Правда в деталях».
-
Үздік телехикая – Астана TV, «Ауыл бапкері».
-
Үздік ақпараттық-талдамалық бағдарлама – 7-арна, «Новости».

«Үркер – 2026» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары
-
Жылдың үздік журналисі – Жанар Сердалина.
-
Үздік радиожоба – Қазақ радиосы, «Ойтұма» бағдарламасы.
-
Журналистиканың болашағы: жасанды интеллект саласындағы үздік жоба – Altainews Media Centre, «AI-ЖАН».
-
Үздік медиажоба – Tengrinews, Tengri TV.
-
Жылдың үздік материалы – Мирамгүл Рахатқызы, «Ақтөбе» газеті, «Жасанды интеллект: адамзат жаңа дәуірге аяқ басты».
-
Үздік талдамалық материал – Лаура Тусупбекова, «Казахстанская правда» газеті, «Моя ДНК – наше богатство».

Qazaqstan Media Awards – 2026 арнайы жүлделері
Биыл арнайы марапаттар екі медиа ұйымға табысталды:
-
Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені – 30 жылдық мерейтойына орай;
-
«Информбюро» – 30 жылдық мерейтойына орай.
