67

«Ол мені ұстай бастады»: Астаналық қыз автобуста ер адам өзіне қол жүгірткенін айтты

Астаналық тұрғынның айтуынша, қоғамдық көлікте бір ер адам оған әдейі қол тигізген, ал айналасындағылар оқиғаға араласпаған.

«Ол мені ұстай бастады»: Астаналық қыз автобуста ер адам өзіне қол жүгірткенін айтты
threads.com/@azori_19

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана тұрғыны қоғамдық көлікте ер адамның өзіне әдейі қол тигізгенін айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялады. Қыздың сөзінше, бұл автобустың іші тар болғандықтан кездейсоқ орын алған жанасу емес. Ол оқиға кезінде ер адамға қарсылық білдіріп, оны суретке түсірген. Жазба жарияланғаннан кейін полиция күдіктіні ұстағанын хабарлады.

«Бұл кездейсоқ жанасу емес еді»

Қыз Threads әлеуметтік желісіндегі жазбасында автобуста болған жағдайды егжей-тегжейлі баяндаған. Оның айтуынша, ол өзіне біреудің жанасқанын сезіп, артына қарағанда ер адамның қолын көрген. Қыз мұны көліктің адамға толы болуымен түсіндіруге болмайтынын атап өткен.

«Бөксеме бір нәрсенің үйкелгенін сездім. Артыма бұрылып қарасам, оның қолын көрдім. Бұл автобустың тарлығынан болған кездейсоқ жанасу емес еді. Ол маған қол жүгіртті.

Мен бірден бұрылып, одан алыстадым да, “Ұят-ай!” дедім. Бірақ сол сәттің өзінде өзімді ыңғайсыз сезініп, ұялдым. Мұндай жағдайда абдырап, үнсіз қалатын немесе ештеңе айтпай кетіп қалатын әйелдерді айыптамаймын. Бұл — есеңгіреу мен не істерін білмей қалу сезімі. Сол сәтте оны суретке түсіру ойыма келді», — деп жазды ол.

Қыз болған жағдайға бірден жауап беруге тырысқанымен, кейін ашу, абыржу және дәрменсіздік сезімдері қалғанын жеткізген. Оның сөзінше, мұндай жағдайда әйелдердің қалай әрекет етуі керегін түсіну қиын. Сондай-ақ әділдікке қол жеткізе алатынына күмәні бар.

«Жанымдағылардың әрекет еткенін күттім»

Астаналық тұрғынды оқиғаның өзі ғана емес, айналасындағы адамдардың үнсіздігі де алаңдатқан. Ол автобуста болған ер адамдардың жағдайға араласуын күткенін, бірақ ешкімнің әрекет етпегенін жазған.

«Мұндай жағдайда әйелдер не істеуі керек? Арыз жазу керек пе? Ештеңені дәлелдей алмай, уақытымды босқа жоғалтып аламын ба деп қорқамын. Бүкіл автобусқа естіртіп жанжал шығару не өзгертеді? Оны ұру ма? Мен ондай адам емеспін, оның үстіне қорқамын.

Меніңше, жанымдағы ер адамдар әрекет етуі керек еді. Бірақ біздің қоғамда бәрі үнсіз қалады. Ұят! Сол сәтте қолымнан келгенін жасадым: оның әрекетіне қарсылық білдірдім, суретке түсірдім, енді бұл туралы ашық айтып отырмын», — деген ол.

Қыздың айтуынша, құқық қорғау органдарына сенімсіздік танытуына бұрынғы тәжірибесі де әсер еткен. Ол университеттің екінші курсында оқып жүрген кезінде автобуста телефонын ұрлатып алғанын еске алды.

Бұрынғы оқиға полицияға деген сеніміне әсер еткен

Жазба авторының сөзінше, телефон ұрланған кезде полицияға хабарласуға тырысқан. Алайда оның айтуынша, арызын қабылдаудың орнына, қызметкерлер онымен танысуға тырысып, кездесуге шақырған.

«Неліктен әділдікке қол жеткізе алатыныма сенбеймін? Өйткені бұған дейін де осындай жағдай болған. Университеттің екінші курсында оқып жүргенде автобуста телефонымды ұрлап кетті. Полиция қызметкерлерінің арыз қабылдаудың орнына маған қайта-қайта танысуға ұсыныс жасап, кездесуге шақырғаны әлі есімде. Бас тартқаннан кейін олардың маған деген қарым-қатынасы мемлекет тарапынан қорғала алатыныма деген сенімімді жоғалтты», — деп жазды астаналық тұрғын.

Қыз өз жазбасында қоғамдық көлікте болған жағдайдан кейін әйелдердің басынан өткен оқиғаны дәлелдеуге мәжбүр болатынына, оларға сенім білдіріле ме деген күмәнмен өмір сүретініне ашуланатынын жеткізген.

«Мені автобуста болған жағдай ғана ашуландырмайды. Өзімді дәрменсіз сезінетініме де ызаланамын. Әйелдің қоғамдық көлікте өз шаруасымен тыныш жүре алмауы, әдепсіз әрекеттен кейін оның шынымен болғанын қалай дәлелдеймін деп ойлануға мәжбүр болуы — бәрі ашындырады. Қорқыныш, ұят және елімізде ештеңе өзгермейтіндей сезім де мазалайды», — деп жазған ол.

Полиция 46 жастағы ер адамды ұстады

Әлеуметтік желідегі жарияланымнан кейін полиция қызметкерлері оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында қоғамдық көлікте ер адамның әдепсіз әрекетіне тап болғанын айтқан қыздың жазбасы анықталған.

Полиция бұл дерек бойынша 46 жастағы ер адамды ұстаған. Оған қатысты әкімшілік іс қозғалып, ол уақытша ұстау бөлмесіне қамалған. Іс материалдары тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолданған.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор