Ресейлік әнші Тараздағы тергеу изоляторында жаңа әндер жаза бастаған
Navai-дың қорғаушысы музыканттың жағдайы жақсы екенін және ұстау шарттарына шағымданбағанын мәлімдеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда ұсталып, екі айға қамауға алынған ресейлік рэпер Navai тергеу изоляторында жаңа әндер жазуға кіріскен. Өнерпаздың адвокаттары қамауға алу туралы шешімге шағым түсіріп, оны кепілмен босатуға қол жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Baza Telegram-арнасы жазды.
Музыканттың адвокаты Рена Керимованың айтуынша, қорғау тарапы бұлтартпау шарасын өзгерту мәселесін көтеріп, келесі аптада екі айлық қамау туралы шешімге шағымданбақ. Әзірге кепіл сомасы анықталмаған.
Қазіргі уақытта Navai Тараз қаласындағы тергеу изоляторында отыр. Қорғаушысының мәліметінше, рэпердің жағдайы жақсы, қамауда ұстау жағдайларына қатысты шағымы жоқ. Соған қарамастан, ол шығармашылығын жалғастырып, жаңа әндер жазуға кіріскен.
Рэпер Қазақстанда қалай ұсталды?
Еске салайық, ресейлік рэпер Наваи Бакиров 2026 жылғы 13 қазанда Қазақстанға кіреберістегі «Қордай» өткізу пунктінде ұсталған. Операцияға полиция қызметкерлері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі қатысқан. Музыкант отырған көлікті тексеру кезінде есірткі заты анықталып, тәркіленгені хабарланды.
SHOT Telegram-арнасының мәліметінше, көліктен 2,5 грамм марихуана, өздігінен темекі орауға арналған қағаз және ұнтақтағыш табылған. Рэпермен бірге тағы екі адам ұсталғанымен, кейін олар босатылған.
Оқиғаға байланысты есірткі заттарын контрабандалық жолмен өткізу және заңсыз сақтау баптары бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл ретте істің мән-жайын тергеу органдары анықтауда.
Астанадағы концерті кейінге қалды
Navai-дың 14 қазанға жоспарланған Астанадағы концерті белгісіз мерзімге ауыстырылды.
Жамбыл облысының Қордай аудандық соты рэперді екі айға қамауға алу туралы шешім шығарған. Енді оның қорғаушылары осы шешімге шағым түсіріп, кепілмен босату мүмкіндігін қарастырмақ.
Материал авторы