Айсұлтан Сейітов әлемдік жұлдыздың клипін түсірді
Режиссер Айсұлтан Сейітов рэпермен бірге түскен суретін Instagram парақшасына жүктеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық режиссер Айсұлтан Сейітов америкалық рэпер A$AP Rocky-дің «Shroom Clouds» атты жаңа әніне түсірілген бейнебаянның режиссерлерінің бірі болды. Әнші клипті өзінің YouTube арнасында жариялады.
Бейнебаянның соңғы титрлері мен YouTube-тағы сипаттамасында жобаны рэпердің өзі, Айсұлтан Сейітов және Пьетро Бис Биазия бірлесіп түсіргені көрсетілген.
Қазақстандық режиссер де әріптестік туралы ақпаратты растады. Ол Instagram парақшасында A$AP Rocky-мен бірге түскен суретін жариялады.
A$AP Rocky, шын есімі Раким Ателастон Майерс, — АҚШ-тың Харлем ауданынан шыққан танымал рэпер. Ол шығармашылық жолын көше орындаушысы ретінде бастап, кейін әлемдік музыка индустриясындағы белгілі тұлғалардың біріне айналды.
Музыкант 2013 жылы «Long. Live. A$AP» атты дебюттік альбомын шығарып, тыңдарманға кеңінен танылды. Содан бері ол музыкалық бағытын дамытып, түрлі дыбыстық шешімдермен тәжірибе жасап келеді.
A$AP Rocky музыкадан бөлек, сән әлеміндегі ықпалымен және дизайнерлермен бірлескен жобаларымен де белгілі. Сондай-ақ ол әнші Рианнамен қарым-қатынаста және екеуі балалар тәрбиелеп отыр.
Материал авторы