Елдегі 1949 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Үлбі металлургия зауытында – уран, бериллий, тантал және ниобий өнімдерін өндіреді. Өндірісте төмен байытылған уран зауыт жұмысы үшін қолданылатын негізгі шикізат. Сондай-ақ Үлбі металлургия зауыты – 1997 жылдан бастап ұлттық компания құрамына кіретін "Қазатомөнеркәсіп" ҰҚ" АҚ қарасты еншілес ұйым.
Ал Қытайдағы АЭС үшін жылу бөлетін құрамалар өндірісімен 2021 жылы іске қосылған "Үлбі-ЖБҚ" зауыты айналысып келеді. Өткен жылы аспан асты еліне шамамен 100 тонна уран таблеткасы жөнелтілген. Бұдан бөлек 100 тонна "Үлбі ЖБҚ" зауытына жіберілді. Кәсіпорынның жалпы қуаты жылына 400 тоннаны құраған.
"Үлбі металлургия зауыты" АҚ уран өндірісі бойынша директордың орынбасары Алексей Болтанов кәсіпорынның өнімдері экспортталуына қатысты мынадай пікір білдірді:
- Қытайдан өзге де мемлекеттермен жұмыс істеу жоспарда бар. Бірақ білесіздер ме, бұл – нарық өте тар. Әлемде бұл өндіріспен айналысатын компаниялар аз. Француздар өздері үшін таблетка шығарады, ресейліктер, америкалықтар да дәл солай. Бұл нарыққа қосылу өте қиын. Иә, маркетингтік қызметтер әрекет етуде. Бізде швед компаниясымен үлкен жоба болды, таблетка өндірісін сертификаттау жоспарланған болатын. Ол таблеткалардың дизайны сәл өзгешелеу. Өкінішке қарай, сыртқы саяси жағдайға байланысты, атап айтқанда логистика бойынша өнімдерді Ресей аумағы арқылы жеткізу керек болатын, бұл жоба тоқтатылды. Жағдайдың жақсаруын күтеміз, – дейді Алексей Болтанов.
Бір өндірістік аумақта орналасқан осы екі кәсіпорын — Үлбі металлургия зауыты (ҮМЗ) мен "Үлбі-ЖБҚ"-ның жұмысы бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс жасап келеді. Ал "Үлбі-ЖБҚ" елімізде ғана емес, сонымен қатар Орталық Азияда АЭС үшін отын өндіретін жалғыз кәсіпорын.
- Кәсіпорындарға жіберілетін шикізаттан уран гексафториді жасалады. Содан кейін бұл гексафторид байыту зауыттарына жіберіліп, оны уран-235 изотопы бойынша байытады. Атом энергетикасы 5 пайызға дейін байытумен жұмыс істейді. Гексафторид алынғаннан кейін ол біздің цехқа түседі. Біз оны қатты күйден газға, содан кейін сұйық күйге ауыстырамыз. Бұл ерітіндіні тазартып, одан соң аммиак тұндыру әдісімен уран диоксиді ұнтағын аламыз, - дейді кәсіпорын өкілі Болтанов.
Сондай-ақ Алексей Болтанов бір таблетканың өзі 700 келі көмірдің қуатымен пара-пар энергия бөлетінін тілге тиек етті.
Отын таблеткаларын дайындауда "зергерлік" сатыдан өтеді. Маңызды функцияның бірі – зауытта өнім нормативтік құжат талаптарына сәйкес болған жағдайда ғана бұл ұнтақ таблетка жасауға жіберіледі. Осыншама еңбекті атқарып келе жатқан зауыттағы өндіріс орны тәулік бойы жұмыс істейді. Бір ауысымда түрлі учаскелерге бөлінген 10-ға жуық аппаратшы, бұдан бөлек ауысымдағы шебер, көмекші қызмет өкілдері қызмет атқарады.
Қызметі қиын өндірісте жұмыс істейтін әйелдер де бар. Олардың бірі – аппаратшы Елена Терлецкая. 1999 жылдан бері зауытта еңбек етіп кете жатқан Еленаның сөзінше, бұл кәсіпорында оның ата-анасы, ағасы да жұмыс істеген.
- Біз таблеткалардың ақауын тексереміз. Бір партияда 225 таблетка болады. Қазір осында 7 әйел жұмыс істеп отыр. Әрқайсымыз орта есеппен 8 металл ыдыстағы таблеткаларды дайындаймыз. Жұмысым өзіме ұнайды, – дейді Терлецкая.
Бүгінгі таңда Өскемен қаласы бойынша шығарындылардағы "Үлбі металлургия зауытының" үлесі қаланың барлық өнеркәсіптік кәсіпорындары шығарындыларының 0,08 пайызын құрайды. Зауыт басшылығы зауыт экологиялық тұрғыдан таза кәсіпорын болып саналатынын айтты.
Сондай-ақ кәсіпорында жұмысшылардың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету зауыттың негізгі бағыттарының бірі болып отыр.
Кәсіпорын Қазақстанда салынатын АЭС-на жылу бөлетін құрамаларды жеткізу мүмкіндігіне қатысты "Үлбі металлургия зауыты" АҚ Басқарма төрағасы Сергей Бежецкий пікір білдірді.
Егер қытайлық немесе француз реакторының дизайны болса, мұндай жағдайда жеткізе аламыз. Егер Ресейдің немесе Оңтүстік Корея реакторының дизайны таңдалса, онда жеткізе алмаймыз. Себебі басқа дизайндағы жылу бөлетін құрамаларды құрастыру үшін жаңа учаскені ұйымдастыру қажеттігі туындайды. Егер де бір реактор 35 тонна болса, жоба экономикалық тұрғыдан тартымды болу үшін 200 тонна қажет. Бұл учаскені салу бізге тиімсіз болады. Яғни бұл жағдайда сатып алған әлдеқайда арзан шығады, – дейді төраға.