1257

Шымкентте полиция қызметкері көлікпен қаққан келіншек қайтыс болды

Шымкентте полиция қызметкері көлікпен қағып кеткен 40 жастағы келіншек көз жұмды, деп хабарлайды smartnews.kz сайты.

Шымкентте полиция қызметкері көлікпен қаққан келіншек қайтыс болды
stan.kz

Еске сала кетсек, 3 тамыз күні Байтұрсынов көшесіндегі жаяу жүргіншілер өткелінде Тұран аудандық полиция бөлімінің жүргізуші полицейі қызметтік автокөлікпен 2 адамды қағып кеткен болатын. Салдарынан 40 жастағы әйел мен оның кәмелет жасына толмаған қызы ауруханаға жеткізілді.

Келіншек №1 қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылған еді. Дәрігерлер үш күн бойы арпалысқанымен, науқастың өмірін аман алып қала аламады.

«Науқас жасанды тыныс алу аппаратында болды. Ем шаралары жүргізілгеніне қарамастан, жағдайы ауырлап, 7 тамыз күні қайтыс болды», - дейді дәрігер Оңалбай Нарманов.

Жол-көлік апаты Шымкент қаласы Полиция департаментінде ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 2-бөлігі (Көлік құралдарын басқаратын адамның абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан жол жүру қағидаларын бұзу) бойынша тергеліп жатыр.