ҚР ІІМ Сандуғаш Дүйсенованы полицейлер не үшін шешіндіріп, видеоға түсіргенін түсіндірді
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев журналист Сандуғаш Дүйсенованы полиция учаскесінде шешіндіріп, видеоға түсіруге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды smartnews.kz сайты.
«Сөз азаматқа жеке тінту жүргізу процедурасына қатысты болып отыр. Бұл тергеу әрекеті, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдар мен видео түсірілім жүргізу Қылмыстық іс жүргізу кодексінде регламенттелген. Бұл ертең азамат бір затын алып қойды деп айтпауына сенімді болу үшін жасалады. Басқа мақсат – адам органдардың арнаулы бөлімшелеріне түскен кезде кейіннен өзіне дене жарақатын салғанын айтпауы үшін», - деді Марат Қожаев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Сонымен қатар ол аталған журналисті тінту барысында оның адвокаты қасында болғанын айтады.
«Бұған қоса, онда тыр-жалаңаш шешіндірді деген сияқты айтуға болмайды. Процедура бір жыныстағы адамдардың тінтуін көздейді», - деді министрдің бірінші орынбасары.
Марат Қожаев Қылмыстық кодексте регламенттелген процедура барлық адамға бірдей екендігін баса айтты.