Ақтауда мысық өлтірген адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды
Жануарды өлтірген күдікті ұсталды. Бұл туралы smartnews.kz сайты mangystaumedia.kz басылымына сілтеме жасай отыра хабарлайды.
19 қыркүйекте Ақтау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, 18 қыркүйек күні кешке 9 шағынаудандағы бір үйдің жанында ер адам мысықты швабрамен ұрып, өлтірген. Кейін оқиға орнынан бой тасалаған.
Облыстық полиция департаментінің дерегінше, аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 316-бабының 2-бөлігі (Жануарларға қатыгездік көрсету) бойынша Ақтау қаласы ППБ-на тіркелді.
Күдікті анықталған. Қазір қылмыстық іс бойынша барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Басқа мәліметтер тергеу мүддесі үшін жарияланбайды.