Жат ағымның жетегіндегілер қоғамның барлық саласында қызмет етіп жүр – сенатор

05.10.2023, 13:52
518
Жат ағымның жетегіндегілер қоғамның барлық саласында қызмет етіп жүр – сенатор Сенаттың баспасөз қызметі

Қазақстанда жат ағымның жетегіндегілер қоғамның барлық саласында қызмет етіп жүр. Бұл туралы сенатор Нұртөре Жүсіп айтты

Ол депутаттық сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады.

Рас, Қазақстан – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Конституцияға сәйкес, бізде ар-ождан бостандығы бар. Иман – жүректе. Ізгілік – тілекте. Азамат қай дінді ұстанады? Оның сенім-нанымы қандай? Әркімнің өз еркі. Бұған Ата заңда кепілдік берілген. Бірақ солай екен деп өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды ала тайдай бүлдіруге, өз діни ұстанымын өзгеге таңуға, топ құрып, жік-жікке бөлінуге жол беруге болмайды. «Домбыра – харам», «сәлем салу – харам», «елдің бәрі хиджап пен ниқаб киюі керек» деген талаптар Конституциямызға қайшы келеді, - деді сенатор.

Оның айтуынша, ХХІ ғасыр – жаһандану заманы, көштен қалмау маңызды.

«Өркениет көшін бастап келе жатқан мемлекеттер қайда? Біз қайдамыз? Озық жұрт қазір жасанды интелектпен, технологиялық жетістіктермен айналысып жатқанда біз елімізді орта ғасырдағы деңгейге сүйремекпіз бе?», - деді Нұртөре Жүсіп.

Депутат ұлттық құндылықтарды қазіргідей жаһандану кезеңінде жастарды түрлі гибрид, субмәдениеттердің ықпалына түсіп кетуден қорғайтын бірден бір иммунитет деп санайды.

Ата салтымыз бар. Халықтық қалпымыз бар. Қанша дәуірден бері қалыптасқан ұлттық құндылықтарымыз бар. Солардың бәрін тәрк етеміз бе? Ата дінімізді ардақтаудың, салт-дәстүрімізді сақтаудың орнына бүкіл қоғам болып өзге ағымдардың жетегінде кетеміз бе? Мәселе дабыл қағарлық деңгейге жетті. Елімізде дінге қызығушылардың орташа жас мөлшері жасарып келеді. Бейресми деректерге сәйкес, діни білім ізденушілердің 75%-ы ашық интернет ресурстарды пайдаланады. Өз кезегінде деструктивті күштер ақпараттық кеңістіктің барлық мүмкіндіктерін өз қызметінде оңтайлы пайдаланып отыр, - деді ол.

Нұртөре Жүсіп бүгінде ашық интернет ресурстар арқылы ислам дінінің кейбір ұстанымдарын алға тартып, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығаруға тырысқан контенттер көбейгенін атап өтті.

Соның салдарынан өз азаматтарымыз тарапынан салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызға, дәстүрлі мәдениет пен өнерге қарсылық білдіру, мемлекеттік рәміздер мен кейбір мерекелерді құрметтемеу, заңмен белгіленген әскерде қызмет ету, орта білім алу сынды ортақ міндеттерден, медициналық рәсімдердің кейбір түрлерінен бас тарту сынды зайырлы қоғам талаптарына сай келмейтін қарсылықтар анық байқалып жатыр.

Сондай-ақ жастардың фокусын жалпыға ортақ оқу-білімнен, парасатты пайымнан, заманауи құндылықтардан бұрмаланған таяз діни түсініктерге бұрып әкету әрекеттері ашық жүріп жатыр», - деді депутат.

Сенатор жат діни ағымның жетегінде жүргендер барлық салада барын ашық айтты.

Радикалды идеология жетегіндегі азаматтар қоғамның барлық саласында қызмет етіп жүр. Олар сырттай ашық қарсылық танытпағанмен, іштей сол ағымда. Қазір сыртқы күштер түрлі қоғамдық қорлар, бірлестіктер ретінде құрылып, ағарту, білім беру, әлеуметтік қолдау көрсету, қаржылай гранттар бөлу сияқты бір қарағанда «жанашырлық» шаралармен айналысып жүргендей. Яғни «жұмсақ күштер» теріс пиғылдарын іске асырып, «әлеуметтік», «қайырымдылық» шаралар арқылы өз жақтастарын көбейтуде. Бұлардың отбасында өсіп келе жатқан балалардың саны мен олардың айналасындағы адамдарға ықпалын ойлаудың өзі қорқыныш туғызады.

Сарапшылар деструктивті діни идеологияның жетегінде кетудің бірден-бір факторы білімнің таяздығы, жұмыссыздықтың белең алуы екенін алға тартады. Сондай-ақ осыларды еңсеруге бағытталған әлеуметтік бағадарламаларға қол жетімсіздігін айтып отыр», - деді ол.

Нұртөре Жүсіп қазір осындай сырт күштерден азаматтарды арашалап алуға көмек көрсететін сауатты теологтар мен имамдар да тапшы екенін атап өтті.

Себебі елімізде имамдарды дайындайтын 9 медресе мен бір ғана университет (Нұр-Мүбарак) жұмыс істейді. Нәтижесінде Иордания, Египет, Түркия, Сауд Арабиясы және тағы басқа шетелдерде бейресми өз бетімен барып оқып жатқан азаматтар аз емес. Олардың білімінің иделогиялық бағыты мен дәстүрлі дінімізге сәйкестігі сұрақ тудырады.

Жоғарыда аталған жағдаяттардың алдын алуға, осы саладағы құзырлы органдардың арасында өзара үлестірудің және тәукелдерді басқаруда жүйелі, бірізді жұмыстардың болмауы да бірден-бір себеп. Мәселен, өткен жылдарда өңірлерде дін істері басқармалары ашылып, көп уақыт өтпей «оптимизация» деген желеумен жабылды. Тек 2021 жылғы мамырдағы президенттің тапсырмасынан кейін жеке басқармалар болып қайта құрылды. Соған қарамай, Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстарында бұл басқармалар әлі күнге дейін ашылмай отыр.

Тағы бір мысал, 2019 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы Парламентте қаралып, бірқатар жақсы нормалар ұсынылды да. Алайда заң бастамашысы – Үкімет заң жобасын кері қайтарып алды. Көріп отырғанымыздай, біз өзімізге келер қауіпті байқасақ та, онымен күресте табындылық көрсете алмай отырмыз», - деді депутат.

Осыған байланысты сенатор Үкімет басшынан жастарды деструктивті ағымдардың жетегінен қорғау үшін төмендегі кешенді шараларды қабылдауды сұрады:

  • Бірінші, шетелдердің озық тәжірибесін зерделей отырып, қолданыстағы заңнаманы ұлттық дүниетанымды ескере отырып жетілдіруді;
  • Екінші, ұлттық құндылықтарды мемлекеттік деңгейде насихаттау, БАҚ-та, мектеп және отбасында, қоғамдық институттарда кеңінен таным-түсінік жұмыстарын жүргізу;
  • Үшінші, дін істері басқармаларын барлық өңірде бөлек басқарма ретінде қайта ашу және олардың кадрлық әлеуетін күшейту;
  • Төртінші, өңірлердегі діни проблемаларды зерттеу орталықтарының материалдық-техникалық әлеуетін арттырып, қызметкерлерінің жалақыларын көтеру;
  • Бесінші, өңірлердегі жастар ресурстық орталықтарының әлеуетін көтеріп, жастарды деструктивті ағымдардың ықпалынан сақтандыру және алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар ұйымдастыру нысаны ретінде пайдалану;
  • Алтыншы, шетелдерден өз бетінше діни білім оқып келіп жатқан азаматтарды қайта даярлықтан өткізетін және дипломдарын аккредитациялайтын ұлттық дәстүрге негізделген орталық құрып, сондай-ақ Үкімет, бұл өзекті мәселелерді қатаң бақылауда ұстауы керек.
«95 ән шығардым»: Мұрат Әбділдә түрмеде немен айналысқанын айтты Жеңіл көлікпен сиыр тасыған семейлікке айыппұл салынды Жетісу облысында 12 күн бұрын жоғалып кеткен 3 жасар бала өлі табылды Қазақстанға екі аптада 600 мыңға жуық турист келген 5 адамның өмірін қиған жатақханадағы өрт бойынша үкім өзгеріссіз қалды Алдағы күндері жел күшейіп, үсік жүреді «Бірнеше әйел бір еркекке тигісі келсе неге тоқтатамыз?!»: Мұхтар Мағауин көп әйел алуға байланысты ойын айтты Ақтөбеде мұғалім оқушысына сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасаған «Осыншалықты екіжүзді болар ма едің»: Нұрсұлтан Жақсыгеннің экс әйелі желіде жазба жариялады "Енем маған айтпай, күйеуімді үйлендіріп жіберді": Меруерт Түсіпбаева тұрмыста болған жылдарын есіне алды «Бәрі міндетті түрде беруі керек»: Талдықорғанда оқушылар «Мұғалімдер күніне» жаппай ақша жинағаны үшін шу шықты «Ит пен мысық болып жүретіндер – әртістер»: Жеңіс Ысқақова әріптесі Ақбота Керімбековаға қолдау білдірді «Хәл үстінде жатқан адамның атын пайдаланды»: Тамара Асар беймезгіл уақытта мазалайтын оқырмандарына ескерту жасады «Бала-шаға мен ата-ененің жағдайын жасайды»: Мөлдір Әуелбекова ерлер қауымына үндеу жасады «Киімімді шешті»: Жетісу облысында әкім көпбалалы әйелдің үйіне терезеден кіріп, тиіспек болған (ВИДЕО) «Қайраттың да биоматериалы сақталған»: Ләйлә Сұлтанқызы ЭКҰ арқылы балалы болғысы келетінін жасырмады «Баласын құтқарамын деп әкесі мен көршісі түскен»: Алматы облысында кәріз құдығында көз жұмған үш адамның өліміне қатысты жаңа деректер айтылды «Жаназасын үйімнен шығарғым келді»: Индира Елемес марқұм Арман Дүйсеновті есіне алды «Жалғыз ұрпағын көп көрмейміз, естімейміз»: Ләйлә Сұлтанқызы марқұм Батырхан Шүкеновтің анасының арманын айтты «Бас сүйегі миына қарай кіріп кеткен»: Шымкентте қаза тапқан такси жүргізушісінің туыстары әділ тергеуді талап етті