Ресейде тіркеуде тұрған 9 көлікті ұрлаған қостанайлық ұсталды
«Автокөлік» республикалық жедел-алдын алу шарасы шеңберінде Қостанай қаласының криминалдық полициясының қызметкерлері Тобыл қаласының 28 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады.
Бір айдың ішінде полицияға 9 автокөлік иесі ұрлық туралы арызбен жүгінді. Түнде тұрғын үйлердің аулаларында қалдырылған ВАЗ маркалы барлық көлік ресейлік есепте тұрған.
- Таңертең иелері көлікті таппай полицияға жүгінген. Барлық деректер бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық»бойынша сот тергеуі басталды. Қылмыс схемасы бірдей болғандықтан, полиция қызметкерлері талдау пункттерін пысықтай бастады. Рудный қаласындағы үйдің ауласынан бір көлік ұрланған, қалған 8-і облыс орталығында, - деді Қостанай қ. ПБ бастығының орынбасары Ербол Қарымсақов.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында осы қылмыстарды жасады деген күдікті ұсталды.
Тергеу әрекеттерін жүргізу барысында барлық көліктер тәркіленді.
Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторында.
Жаңалықтарды бірінші боп оқу үшін Telegram арнаға жазылыңыз!
Материал авторы