Smart News басылымының хабарлауынша, белгілі журналист, "Көреміз" бағдарламасының жүргізушісі Руслан Өтепбай 17 жыл құлдықта болған Назгүл мен Құндыздың тағдырына қатысты Instagram парақшасында жаңадан жазба жариялаған.
"Ардақты ағайын! Назгүл мен Құндыз қарындастарымыздың құлдықтан құтылғандарына 3 ай уақыт болды! 17 жылдық азап пен тозақты ұмыту үшін 3 ай әлбетте аздық етеді. Десе де «Көреміз» ұжымы екі қарындасымыздың болашағы баянды болу үшін бар жағдаятты жасап жатыр. Оған сеп болған сіздердің қолдауларыңыз!
Сондай-ақ журналист дәл қазір түрлі жалған ақпараттар тарап жатқанына қатысты пікір білдірді.
Әлеуметтік желіде маған қатысты жалған ақпараттар өріп жүр. Арамза арандатушыларға сенбеңіздер. Қыздарды ешқандай туысына бермейміз. Себебі бұл қыздардың сіз бен бізден басқа сенер ешкімі жоқ. Үш айдан бері қыздар Алматы қаласында тұрады. Сіздерден жиналған қаражатқа қыздарға пәтер жалдадық. Апалы-сіңліге бас-көз болсын деп күтуші алдық. Күнделікті дәрі-дәрмегі мен жолына қаражаттар жұмсалып жатыр! Сондықтан екі қызға деп ақша аударған барша жанға Алла разы болсын!
Мақсатымыз қыздардың денсаулықтарын ретке келтіріп, қоғамға қосу, ортаға бейімдеу. Алда атқарылар жұмыстар өте көп! Бастысы қос қызға сіздердің қолдауларыңыз ауадай қажет!
Қыздарды сағындыңыздар ма? - дейді журналист.