SMARTNEWS басылымының хабарлауынша, әнші, жақында киноөндірісті қолға алған Бағлан Әбдірайымов әкесі туралы жазба қалдырды.
"Былтыр 25 қаңтар күні Алматы қаласында "Zero" фильміміздің тұсаукесерін жасадық. Байқасаңыз әкем марқұм қасқайып тұр ғой. Бұл менің ата-анама, достарыма, оқырманым мен тыңдарманыма "казинодан киноға өтуге болады, адам өзгере алады" деп өзімді дәлелдеген кезім еді. Жоқ, өзіме-өзімді дәлелдеген сәт деген дұрыс шығар, иә?! Ағымнан жарылып, қатемді мойындап, талай сұхбат бердім. Іштегі қоқысты сыртқа шығару арқылы ішкі әлемімді тазалап алдым. Сол тазалықпен кітап жазылды. Артынан кино түсірілді", - делінген жазбада.
Өнер иесі бұл – өзі үшін ұмытылмас сәт екенін айтады. Содан бері кино әлемінде жүргенін де мәлімдеді.
"Ізін суытпай "Басқа вариант жоқ" киносы шықты. Өкінішке қарай, сәтсіз жоба болды. Дереу ес жиып, қатемді ескеріп, қоғамға тағы айтары бар "Zero 2" киносын түсірдік. Құдай қаласа, сәуір айында көрерменге жол тартады. Бұл туындының тұсаукесеріне әкем ғана келмейді. Арқамнан қағып, "Жарайсың, Баха!" демейді. Елге пайдалы, көңілге қонымды, ықыласқа бөленсе, әкемнің атына кір келмесе, бұл да бір салихалы ұрпақтың әрекеті деп білемін", - деп жазды әнші Instagram парақшасында.