Heriot-Watt емтиханы: Жетекші британдық оқу орнына түсу мүмкіндігі

Бүгін Heriot-Watt университетінің Ақтөбедегі филиалына оқуға түсуге арналған ағылшын тілінен тестілеу өтті. Бұл туралы smartnews.kz абарлап отыр.

Heriot-Watt емтиханы: Жетекші британдық оқу орнына түсу мүмкіндігі
gov.kz

Емтихан ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, британдық университеттің ұйымдастыруымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында орналасқан филиалында өтті.

Емтиханға 5 өңірден, оның ішінде, Атырау, Орал, Қызылорда, Павлодар және Ақтөбеден 200-ге жуық талапкер қатысты.

Айта кетейік, Жұбанов университеті Ақтөбе облысымен қоса есептегенде Қазақстанның 5 өңірінде кәсіби бағдар беру жұмыстарын ауқымды түрде жүргізді.

Емтихан тапсырудың толқулы сәт екенін айтқан Heriot-Watt университетінің академиялық бағдарламалар бойынша менеджері Дэниел Свонсон тестілеуге қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Heriot-Watt филиалында білім алып жатқан студенттерге дән ризамын. Сіздерге де әлемдік жетекші жоғары оқу орнының студенті атануларыңызға тілектеспін!», - деді ол.

Сонымен қатар тестке қатысқан талапкерлердің ата-аналарына арнайы инфосессия өтті. Олар Heriot-Watt және Жұбанов университеттері өкілдеріне оқу процесіне қатысты сұрақтарын қойды.

Еске сала кетейік, Жұбанов университеті базасында орналасқан Heriot-Watt университетінің филиалы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен жылы ашылды. Қазір мұнда өңір сұранысына сай 3 білім бағдарламасы бойынша 300-ге жуық студент білім алуда.

Ағылшын тілінен өтетін тестілеу емтиханы ақысыз түрде әр айдың соңғы сенбісінде жүйелі түрде жүргізіледі. Талапкерлер тест нәтижесін 2-3 апта ішінде ала алады. Ал емтиханнан өтпеген жағдайда қайта тапсыруға бірнеше мүмкінідігі бар.