Мешіттер де ұры-қарылар торуылдайтын нысанға айналып барады

27.02.2024, 20:45
991
Мешіттер де ұры-қарылар торуылдайтын нысанға айналып барады коллаж: smartnews.kz

Елде мешіт көбейді. Бұған шүкіршілік етіп жатқандар да, шектен тыс көп болуына бас шайқап жүргендер де баршылық.

Бұл туралы Smartnews.kz сайты хабарлап отыр.

Шүкіршілік ететіндер асыл дінімізден сусындайтын орындар көбейді, руханият өркендеп жатыр, мұсылманшылық өрледі, иман артты деп қуанады. Бұл да жөн-ау. Руханияттың өркендегеніне не жетсін. Ал бас шайқайтындар таяқ тастам жер сайын мешіт болды, соның бәріне ілімі мықты имам жетер ме екен деп ойлайды. Бұлардыкі де жөн. Имамның бәрі бірдей парасат биігіндегі адамдар болса құба-құп. Бүгінде пәленше ұстаз дегендер көбейді. Мұның қаншалықты дұрыс екенін кім білсін.

Ал біздің айтпағымыз – мешіттердің де ұрылар төңіректейтін нысанға айналғаны. Мешіттерге ұрлыққа түсу тоқтаған емес, ондай оқиғалардың тізбегі жыл сайын толастамай келеді. Садақа жәшігінен ақша ұрлауды кәсіп еткендер көп. Тіпті мұндаймен ағайынды адамдар сөз байласып, жоспар құрып айналысқан оқиғасы да бар. Мешіттің заттай мүлкін ұрлау сәттері де кездесіп жатады. Мешіттің қақпасын ұрлау, төсеулі кілемді қолды ету оқиғалары да кездесті. Ең жиі болатыны мешіттің садақа жәшігіне ұрлыққа түсу. Ұрылар терезеден түсіп, темір жәшікті тауып алып, оның құлыбын бұзып, ішіндегі ақшаны алып кетеді. Мешіт жайлы әңгіме болған соң имам-молдалардың ішінде де өз қадірін өздері қашыратындары болып тұратынын айта кетпесе тағы болмайды. Өздерінің ғана емес, мешіттің де қадіріне нұқсан келтіретіні түсінікті. Мысалы, есірткі сатқан, кәмелетке толмаған қыздың некесін қиған, хадисті жаттамадыңдар деп балаларды ұрып-соққан имам-молдалар болды. Қысқасы жыл сайын еліміздің мешіттерінде ұрлық немесе имамдардың лайықсыз қылықтары көрініс тауып жатады. Ал мешіттерде болып жататын жыл бойғы ұрлық пен имамдардың лайықсыз әрекеттерін санауға қолыңыздың саусақтары жетпейді.

Міне, биылғы жылдың басталғаны кеше ғана, ал мешіттерге ұрлыққа түсу басталып та кеткен. Жылдың соңына дейін әлі талай ұрлықтың куәсі болсақ керек. Осы қаңтар мен ақпан айларының ішінде мешіттердегі ұрлықтың бірнешеуі  ашылды.

Мысалы, Түркістан облысының Сарыағаш ауданында мешіттің екі кілемі қолды болды. Ертеңіне кілемдердің орны жалаңаш жатқанын көрген имам астапыралласын айтып полицияға жүгініпті. Бір таң қаларлығы, мешіттің ішіндегі кілемдерді түн жарымында әйел адам ұрлап әкетіпті. 51 жастағы жергілікті әйел түнгі сағат 01:00 шамасында жалғыз өзі мешіттің ауласына кіріпті. Мешіттің есігі құлыпталмаған болса керек. Әйел емін-еркін кіріп, жарықты жағып қарайды. Ешкім көрінбеген соң еденге төсеулі кілемдердің екеуін жинап алып, орап, байлап-матап арқалап әкетсе керек. Кетерінде жарықтарды сөндіріп, есігін жауып кеткен болар. Себебі ертеңіне дейін ешкім мешітке кірмеген, кілемдердің ұрланғанын көрмеген. Полицейлер әйелдің өзін ұстап, кілемдерді айғақты зат ретінде тәркіледі. Қазір әлгі әйелдің осыған ұқсас өзге қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Әдетте мешіттердің алдында садақа жәшігі тұрады. Оларды темірден жасап, мықтап бекітеді. Түркістан облысының Жетісай ауданында екі жасөспірім сөз байласып, мешіттің алдындағы садақа жәшігінің ішіндегі ақшаны ұрлауды жоспарлаған екен. Олар бейнекамераның жоқ екенін біліп, іске батыл кіріскен. Екеуі ел ұйқыға кеткен түннің ішінде мешіттің алдына барған. Темірден жасалған садақа жәшігін күшпен бұзып, ішіндегі ақшаны алып кеткен. Қолды болған ақша 50 мың теңге. Ертеңіне мешіттің имамы полицияға шағымданған. Күдікті ретінде 18 жастағы екі жасөспірім ұсталды. Егер ұрлықтары дәлелденсе, үш жылдан арқалап кетуі мүмкін немесе 3,5 миллион теңгеден айыппұл төлейді.

Мешіттегі ұрлық ақпанның ішінде Алматы қаласында да орын алды. Кейбір адамдар намаз кезінде заттарын жанына қоятын болар. Мешітте  қымбат сағатын, қымбат телефонын немесе қымбат киімін жанына қойып бейғам отыратындар болады. Намаз кезінде заттары жайлы ұмытатыны тағы бар. Мешітте жұрт намазға жығылған сәтте өзгенің заттарын ұрлап жатқан 40 жастағы адам бейнетаспаға түсіп қалған екен. Ол адам мешітке барғандардың затын ұрлауды кәсіп етіп, осыған әбден дәндеген болса керек. Сөйтіп, таспаға түсіп қалған ол тез ұсталды. Намаз оқып отырған адамның 200 мың теңге көлеміндегі бұйымдарын ұрлап әкеткен болып шықты. Ұсталған адамның осыған ұқсас тағы төрт ұрлыққа қатысы бары белгілі болды. Ол кінәсін толық мойындады.

Әрине, еш жерде ұрлық жасауға болмайды. Ал мешітте тіпті болмайды. Егер мешіттерде ұрлық-қарлық пен қулық-сұмдық жалғаса берсе, онда олардың базар-вокзалдан артық жері қалмас.    

Ақтауда асаба мен әйелінің интим видеосын таратқан күдікті ұсталды Тоқаев Мұхтар Шахановтың қазасына байланысты көңіл айтты Маңғыстауда нөсердің салдарынан жаппай жылқылар қырылды (ВИДЕО) Цирктегі жолбарыс көрермендерге қарай секіріп кетті (ВИДЕО) «Сенің даналығың жетіспейді»: Әнші Леонид Агутин досы Батырхан Шүкеновтің бейітіне барды 200 шақырымға жүгіру: қарағандылық сержант ультрамарафонда Қарулы күштердің жаңа рекордын орнатты Семейде мысығын кір жуғыш машинаға салып өлтірген қыз жазаланды Құрманғазыда киіктер қырылып, 800-ден астам өлексe табылды Өскеменде түнгі апаттан соң үш адам ауруханаға түсті Күміс жас күйбеңі: Белсенді өмір орталықтары шағым-жанжал ошағына айналған ба? 20 сәуірдегі валюта бағамы: қай қалада доллар қымбат 14 өңірге қауіп: Бүгін тұман, дауыл және үсік қатар келеді Қазақ поэзиясының өткір үні Мұхтар Шаханов қайтыс болды «Тұрсынды қимай жүр»: Алагөзовтің бұрынғы әйелі қымбат сөмкелерін көрсетті Театр актері мен оның жұбайы бір-бірін пышақтап өлтірді Өтекешева Алагөзовадағы қамзолдың түпнұсқа екенін растады Трамп: «Израиль — АҚШ-тың ең мықты досы» «Пышақпен қорқытады»: Маңғыстаудағы балабақшада жанжал өршіді Қасиетті дініміз Еуропаның төріне шықты: Германияда тұрақты азан айтыла бастады Орынборда полицейлерге оқ атқан күдікті ұсталды