7172

Министрлік айғақ боп табылатын дүкендегі бейнебақылау жазбасын желіге таратқан адамды әлі таппаған

Желіде Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты кінәлауға тырысатын бейнежазба тараған еді.

Министрлік айғақ боп табылатын дүкендегі бейнебақылау жазбасын желіге таратқан адамды әлі таппаған
SMARTNEWS.KZ коллажы / Дана Асылбек

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты видеобақылау камераларынан алынған жазбаларды кімнің таратқанын әлі анықтамаған.

"Қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Бұл мәселені шешу үшін арнайы топ құрылды. Бұл – топ шешетін мәселелердің бірі. Келешекте қосымша ақпарат береміз. Біз таратқан тұлғаларды анықтаймыз. Тергеп-тексеру барысында бұл белгілі болады", – деді Санжар Әділов бейсенбіде өткен сенат отырысында.

Айта кетейік, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Болат көз жұмған еді. Жанжал жасөспірімнің отбасы жұмыс істейтін дүкенде басталған. Жасөсіпірімнің өлімінен кейін Шерзат Болаттың үйін белгісіз біреулер өртеп кетті. Ішкі істер министрлігі Шерзаттың өліміне қатысты 10 адам күдікті деп танылып, бес қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Сондай-ақ министрлік жасөспірімді өлтірді деп айыпталған күдіктілер арасында бұрын сотталғандар бар екенін де растады. 

Бұдан кейін Алматы облысы прокурорының орынбасары мен Талғар ауданының прокуроры лауазымынан босатылған еді. Шерзаттың ата-анасы әкімдік пен аудандағы құзырлы орган басшыларының қызметінен кетуін талап етті. Осыдан соң Хутордың өкілі делінген Хасанның ағасы, Талғар ауданының әкім аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметінен кетті.

Материал авторы