954

Маңғыстау жаппай шешініп жатыр: Ақтауда тағы бір жалаңаш еркек қамауға алынды (ВИДЕО)

Соңғы уақытта Ақтау қаласында жалаңаш қыдыратындар көбейді. Маман мұны есірткінің әсері деп түсіндірді.

Маңғыстау жаппай шешініп жатыр: Ақтауда тағы бір жалаңаш еркек қамауға алынды (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда түн ортасында ер адамның оғаш әрекеті тұрғындарды әрі шошытты, әрі таңғалдырды. Әлеуметтік желілерде 24 шілдеде таңғы 02:35 шамасында түсірілген видео тарады. Онда 6-шағынауданда белгісіз ер адамның жол бойымен жалаңаш жүгіріп жүргені көрінеді.

Куәгерлердің айтуынша, алдымен ер адам көліктердің арасынан тәлтіректеп өткен, кейін жүріп бара жатып киімін шешіп, көлік қозғалысына кедергі келтіре бастаған.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті оқиғаны растады. Тәртіп бұзған азамат ұсталып, ҚР ӘҚБтК 440-бабы (қоғамдық орындарда мас күйде жүру) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сот шешімімен ол арнайы қабылдау орнына 10 тәулікке қамалды.

Полиция аталған азаматтың әрекеті жол қозғалысына қауіп төндіргенін айтып, осындай жағдайлар қайталанбас үшін тұрғындарды абай болуға шақырды.

Мұндай оқиғалар Ақтауда алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. Жақында тағы бір жалаңаш ер адам 5-шағынауданда қолға түскен еді. Бұған дейін де жалаңаш күйдегі адамның шатырдан секіріп кеткен сәті видеоға түсіп қалған болатын.

Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Мәди Тоқановтың айтуынша, мұндай әрекеттер көбіне психотропты немесе есірткі заттарының әсерінен туындайды.

– Бұл жағдайларда адамның санасы уақытша өзгеріп, галлюцинация, бағыттан адасу, ұят пен өзін-өзі бақылау сезімінің жоғалуы байқалады. Әдетте бұл – психоактивті заттарды қолданудың салдары, – деді ол.

Бұған дейін Ақтауда жалаңаш серуендеген ер адам ұсталған еді. Тұрғындар оның кішкентай қызды зорлаған болуы мүмкін деп болжады.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор