SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, даулы әрекеттерімен жиі көзге түсетін қазақстандық блогер Аружан Айбекова бұл жолы Өзбекстанда жұрт назарына ілікті.
Өзбек басылымы Vaib.uz таратқан ақпаратқа сәйкес, ол Ташкент метросында «әлеуметтік эксперимент» түсірген. Видеода блогер бейтаныс ер адамдардың жанына отырып, қолынан ұстап немесе тізесіне тиген сәттер бар.
Бұл ролик Instagram-да жарияланғаннан кейін өзбек әлеуметтік желілерінде қатты сынға ұшырады. Көпшілік оның әрекетін әзіл емес, әдепсіздік пен арандатушылық деп бағалады.
«Ташкентте қоғамдық көліктегі жыныстық қысым (харассмент) – күлкілі тақырып емес. Апта сайын метродан немесе автобустан осындай жағдайлар туралы хабарламалар түседі», – деп жазады Vaib.uz.
Басылым атап өткендей, Өзбекстанда құқық қорғаушылар мен белсенділер әйелдерге қауіпсіз орта қалыптастыру үшін күресіп жатыр. Сондықтан Айбекованың пранкі «өзгенің күйін келемеж етуге» тең деп сыналды.
Айта кетейік, Аружан Айбекованың шетелде дау астында қалғаны бірінші рет емес. Бұған дейін ол Қытайда түсірген видеоларымен шу тудырған. Онда блогер көшедегі адамдарды ұрлық жасады деп айыптап, жеке кеңістіктеріне баса-көктеп кірген. Полиция араласқан соң оның аккаунттары бұғатталып, өзі «бақылаудан шыққан қалжың» үшін видео арқылы кешірім сұраған еді.
Енді өзбек қоғамы биліктің бұл жолғы реакциясын күтіп отыр. Vaib.uz мәліметінше, Өзбекстанда қоғамдық орында арандатушылық жасаған блогерлерге бес тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қолданылған жағдайлар болған.
Аружан Айбекованың өзі әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ. Журналистер оның алдағы уақытта Қытайдағыдай тағы да кешірім сұраған видео жариялауы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
«Мәселе – әзілдің шегін білу. Қай жерден қалжың тоқтап, қай жерден көргенсіздік басталады?» – деп түйіндейді Vaib.uz.
RUS