«Аяғын сүйгізіп, темекімен күйдірген»: 16 жастағы қызды сексуалды тұрғыда зорлаған екі әйел сотталды (ВИДЕО)
Тергеу нұсқасы бойынша, әйелдер жасөспірімді алдап көлікке отырғызып, күштеп ұстап отырған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысында кәмелетке толмаған қызға қатыгездік көрсетті деп айыпталған екі әйелге қатысты сот үкімі заңды күшіне енді. Олар жасөспірімді азаптады деп танылып, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Бұл іс қоғам назарын өткен жылы аударған болатын. Тергеу материалдарына сәйкес, 2025 жылдың қыркүйегінде екі әйел 16 жастағы қызды алдап сыртқа шығарып, күштеп ұстап отырған деген күдікпен қолға түскен. Кейін екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалып, қылмыстық іс қозғалған.
Жәбірленушінің анасының айтуынша, оқиғаға қызғаныш себеп болған. Оның сөзінше, қызы жоғары оқу орнына түсу мәселесі бойынша кеңес беріп жүрген ер адаммен байланысқа шыққан. Біраз уақыттан кейін өзін сол азаматтың жұбайы ретінде таныстырған әйел хабарласып, мектеп оқушысынан әлгі адаммен қарым-қатынасты тоқтатуды талап еткен.
Анасының мәліметінше, қызы бұл талапты орындағанымен, келесі күні әлгі әйел қайта байланысып, кездесуге шақырған. Ол мектеп оқушысының үйіне тағы бір әйелмен бірге келген. Қыз олардың көлігіне отырғаннан кейін жағдай күрт өзгерген.
Жәбірленуші тараптың сөзінше, күдіктілер оның телефонын тексеріп, кейін күш қолданған. Анасы қызының соққыға жығылғанын, денесіне жарақат салынғанын және адам жоқ жерге апарылғанын айтқан.
Оқиғадан кейін жасөспірім үйіне жеткізілген. Алайда оған болған жайт туралы ешкімге айтпау жөнінде ескерту жасалып, видео жазбаларды жариялаймыз деп қорқытылған.
Анасының айтуынша, қызы ұзақ уақыт бойы болған оқиғаны жасырып келген. Біраз уақыт өткен соң ғана ол барлық жағдайды баяндап берген. Осыдан кейін отбасы құқық қорғау органдарына жүгінген.
Полиция кәмелетке толмаған адамға қатысты азаптау және жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері баптары бойынша қылмыстық іс қозғаған. Тергеу аяқталғаннан кейін іс сотқа жолданған.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, сот талқылауының қорытындысы бойынша екі әйел Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігі 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Сот оларға 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Сонымен қатар жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері туралы айып сот барысында алынып тасталды. Сот бұл құқық бұзушылық құрамын дәлелдейтін жеткілікті негіздер анықталмаған деген қорытындыға келген.
Осылайша, қоғамда резонанс тудырған іс бойынша негізгі айып – кәмелетке толмаған қызды азаптау фактісі дәлелденіп, екі айыпталушы нақты мерзімге сотталды.
Материал авторы