1249

30 жыл бұрын зорланғанын айтқан әйел ДНҚ сараптамасы туралы мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

Қызын америкалықтар асырап алғанын мәлімдеген Наташа Қалымбетованың ісі жаңа кезеңге өтті.

30 жыл бұрын зорланғанын айтқан әйел ДНҚ сараптамасы туралы мәлімдеме жасады (ВИДЕО)
tiktok.com/@natashakalymbetova

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, осыдан бірнеше ай бұрын өзін 30 жылдан астам уақыт бұрын топ болып зорлық-зомбылыққа ұшырағанын жария еткен Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Наташа Қалымбетова қызының тағдырын анықтау және қылмыстық істі тергеу бағытында маңызды өзгерістер болғанын айтты.

Қалымбетованың айтуынша, оның ДНҚ үлгілері АҚШ-қа жіберілген. Онда биоматериал бала кезінде америкалық отбасы асырап алған қызының ДНҚ-сымен салыстырылады. Қызы АҚШ-та қажетті талдауларды тапсырғаннан кейін сараптама қорытындылары Қазақстанға жолданып, ДНҚ зерттеуі жүргізіледі. Сондықтан әйелдің өзі Америкаға бармайды.

Оның сөзінше, өтінішінен кейін қозғалған қылмыстық іс те алға жылжи бастаған.

«Жақсы жаңалық бар – мұз ақыры қозғалды. Төрт ай бойы жанайқайымды айтқаннан кейін іс шынымен ілгеріледі. Астанадан мамандар араласты. Биоматериалдарым Америкаға жіберілді. Тергеуші әдетте мұндай рәсім бір немесе бір жарым жылға дейін созылатынын айтқан еді, бірақ бұл жолы бәрі өте жылдам орындалды», – деді Наташа Қалымбетова.

Ол енді тергеудің аяқталып, істің сотқа жетуін күтіп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ қоғамның назарын аударту нәтижесінде мәселенің қозғалғанына сенетінін айтып, жариялылықтың әділдікке қол жеткізуге ықпал еткенін атап өтті.

«Мен тек бір нәрсені дәлелдегім келді – әділдік бар. Мен кінәлі болған жоқпын, маған зорлық жасалды. Осындай оқиғалар туралы ашық айтсақ, заңсыздықтың алдын алуға болады. Маған қолдау көрсеткен барлық адамға алғыс айтамын. Енді тек нәтижені күтіп, бәрі жақсы болады деп сенемін. Алла қаласа», – деді ол.

Еске салайық, биыл жазда Наташа Қалымбетованың оқиғасы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әйелдің айтуынша, 1994 жылы 17 жасында Батыс Қазақстан облысындағы ауылдардың бірінде топ болып жасалған зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. Бірнеше айдан кейін жүкті екенін біліп, 1995 жылдың соңында қыз дүниеге әкелген. Кейін түрлі жағдайларға байланысты сәбиінен бас тартуға мәжбүр болған. Кейіннен қызды АҚШ-тағы отбасы асырап алған.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор