Алаштың арысы Халел Досмұхамедұлы өзі сипаттаған ұлы тұлғалардың бірі екеніне еш күмән жоқ. Халел Досмұхамедұлы – алғаш рет ана тілімізде жаратылыстану ғылымының оқулықтарын жазып, қазақ жазуы тарихында латын әліпбиіне көшу үшін әрекет еткендігін, бірі білсе, бірі біле бермес.
Журналистикадағы алғашқы қадамдары және медицина саласындағы еңбектері
1905-1907 жылдары халқымыздың біртуар перзенті, қазақ халқын патшалық Ресей империясының аяусыз тонауы мен қанауын көріп, іштей күйзеледі. Сондықтан, Досмұхамедұлы студенттік шағынан бастап саясатқа араласып, жергілікті «Фикр» (Пікір), «Уральский листок» газеттерінде мақалалар жазу арқылы, халыққа үгіт-насихат жүргізіп саяси толқулардың мəн-жайын халыққа түсіндіріп отырады.
(Суретте Халелдің “Ақ жол” газетіне жазған мақаласының түпнұсқасы көрсетірген)
1918 жылы Қазақстанның бірқатар аймақтарында, әсіресе, батыста оба ауруы басталды. Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Шахман Нағымұлы Халелдің осы жылдардығы ерең еңбегін ерекше атап өтті:
«Халел Досмұхамедұлы сол кезеңде «Қазақ» газетінің бетінде түрлі аурулардан сақтанудың шаралары, әр дерттің өзіне тән белгілері, емделу жолдары мен қолданылатын дәрі-дәрмектердің түрлері жөнінде егжей-тегжейлі мағлұматтар беріп, мақалаларды жариялап отырды. 1918-1924 жылдар аралығында обаға қарсы жүргізген жұмыстарының негізінде жазылған «Как бороться с чумой среди казахского населения» атты еңбегі мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға көмектесті»,-дейді ғалым.
(Суретте Халел Досмұхамедұлының “Оқушының саулығын сақтау” кітабының мұқабасы мен алғашқы беттері бейнеленген.)
Халел Досмұхамедұлы және латын әліпбиі
Халел Досмұхамедұлы – қазақ тілінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым, ағартушы, саяси қайраткер. Ол халықаралық ғылыми терминдерді қазақшаға бейімдеуге, жаңа ұғымдарға лайықты аударма жасауға ерекше назар аударды. Сонымен қатар, қазақ тілінің грамматикасын жүйелеп, орфографиялық ережелерін қалыптастыруға атсалысты.
Халел Досмұхамедұлы бірнеше еуропа тілдерін жетік меңгерген. Ол «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» атты еңбегінде араб-парсы сөздерінің қазақ тіліне ену тарихын талдап, еуропа тілдерін роман, герман, испан топтарына бөліп қарастырды. Ол бұл тілдердің өзара байланысын түркі тілдерінің (ноғай, қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, осман) жақындығына ұқсас деп дәлелдеді.
Бастапқыда латын әліпбиіне көшуге күмәнмен қарағанымен, кейін КСРО халықтарының орталық баспа басқармасының төрағасы Нәзір Төреқұловтың тапсырмасымен осы бағытта жұмыс істеді. 1924 жылы Орынборда өткен білімпаздар съезіне қатысып, латын әліпбиіне қатысты пікірталастарға араласты. Ол жасаған латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жобасы «Ақжол» газетінде жарияланып, кеңінен талқыланды. Бұл оның тілдік реформаларға терең білімі мен ғылыми көзқарасының жоғары бағаланғанын көрсетті.
Халел Досмұхамедұлы латын тілін өте жақсы меңгерген. Ол 1903 жылы Петербург медициналық академиясына түсу үшін латын тілінен қосымша емтихан тапсырғанын айтады. Ол заманда медицинадағы негізгі терминдер, дәрі-дәрмек атаулары, құрал-жабдықтардың атауы түгелдей латын тілінде болатын. Сондықтан оның латын әліпбиіне қатысты ғылыми көзқарасы терең әрі жан-жақты болды.
Халел Досмұхамедұлы тек қазақ тілін дамытуға ғана емес, жалпы ұлттық ағартушылыққа да зор үлес қосты. Оның ғылыми еңбектері мен тілдік реформалары қазақ лингвистикасының қалыптасуында маңызды рөл атқарды.
(Суретте Халел Досмұхамедұлының “Қазақ қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы” кітабының мұқабасы бейнеленген.)
Халелдің педагогикалық мұрасы: «Тіл — ұлттың жаны»
Халел Досмұхамедұлы қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының діни наным-сенімдермен байланысын ашып, олардың тәрбиелік мәніне ерекше назар аударды. Ол «кейбір ырымдарды бұлжытпай орындау – тәрбиелік пен көргенділіктің белгісі, әрі міндетті түрде атқарылуы тиіс әдеп-жоралғы» екенін атап өтті.
Ол «Мұрат ақын сөзі» (1924), «Исатай–Махамбет» (1925), «Аламан» (1926) жинақтарын шығарды. 1924 жылы Ресей ҒА-ның корреспондент мүшесі болып сайланып, қазақ білімпаздары мен денсаулық сақтау қызметкерлерінің съездеріне қатысты.
Сондай-ақ, ғалымның «Исатай-Махамбет», «Махамбет батыр» атты зерттеулерінде қос батырдың дүниеге келген ортасы, олардың патша үкіметі мен Жәңгір ханның екі жақты қанауына қарсы күресі, халықты азаттық көтеріліске бастауы жан-жақты баяндалған. Ол 1924 жылы Ташкентте «Мұрат ақын сөздері» кітабын шығарды. Бұл еңбекте Халел «Қазақтың тарихын жазған адам Мұрат секілді ақындардың сөзін тастай алмайды» деп, ақынның тарихи және әлеуметтік маңызын ерекше атап өтеді. Кітапта Мұрат ақын жырлаған «Үш қиян», «Сарыарқа» дастандарындағы 248 атауға түсінік беріп, олардың географиялық орындарын көрсеткен.
Халел Досмұхамедұлы: «Ақындық – табиғаттың саннан таңдап бірен-саран адамдарға беретін артық өнері. «Көп берілгеннен көп сұранады» деген нақылды ескертіп, аяғына дейін түзетуге керек еді. Тілді бұзбай ұстарту, шеберлету, байыту – ақындардың мойындарына артылған зор борыш»-, деген пікірі арқылы қазақ әдебиеті мен жазабаша өнердің биіктігін тағыда дәлелдеді.
Қорытынды
Халел Досмұхамедұлы – қазақ ғылымы мен тілінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға ғана емес, сонымен қатар ағартушылық пен ақпараттың маңызын ерте түсінген қайраткер. Оның ғылыми еңбектері мен мақалалары қазақ журналистикасының да дамуына ықпал етті. Ол халықтың білімін көтеру үшін ақпаратты түсінікті, дәл және жүйелі жеткізудің маңыздылығын ұғынды. Досмұхамедұлының тіл мен әліпби реформалары қазақ баспасөзінде кеңінен талқыланып, қоғамдағы өзекті тақырыптардың біріне айналды.
АВТОР: ЕЛЕУСІН ХАДИША