SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау әуежайында жолаушы FlyArystan рейсінен шығарылып, ұшақ ішінде бүлік шығарушы деген қара тізімге енгізілген. Бұл туралы Stan.kz жазды.
Жолаушы Айжан Кеңесова мән-жайды Facebook парақшасына жазды. Ол Атыраудан Шымкентке ұшпақ болған екен.
«Тіркеу кезінде әуе компания қызметкері багаждың ережелерге сай келетінін, оны қол жүгі ретінде тасымалдауға болатынын айтты. Тіркеу аяқталып, бортқа мініп бара жатқан кезде компания қызметкері рейске кірмейтінімді жеткізді», – дейді әйел.
Осыдан кейін әйелді әуе компания қызметкерлері полицияға тапсырған. Олар оны психикалық және наркологиялық диспансерге жеткізген. Екі сараптама да әйелдің қанында алкогольдің жоқ екенін, психикалық жағдайының қалыпты екенін көрсеткен.
"Бұл – нағыз қорлау. Олар мені психикалық диспансерге әкеліп, хаттама толтырды. Оқиғадан кейін Fly Arystan-мен бұдан былай ұша алмайтынымды хабарлады. Мен – бұл әуе компанияның тұрақты жолаушысымын. Олардың қызметін бірнеше рет пайдаландым. Алайда компанияның Ақкүн есімді қызметкері нағыз дөрекі адам болып шықты. Оның әрекетінің салдарынан моральдық және материалдық шығынға ұшырадым. Kaspi қолданбамда билеттер мен багаждың төленгенін растайтын құжат бар. 10 келі қол жүгіне алдын ала төледім. Чемодан белгіленген параметрлерге толығымен сәйкес келеді", – деді Айжан.
Жолаушы өз сөзін дәлелдеу үшін Fly Arystan жүк тексеру жақтауында түсірген фотоны ұсынды.
Фото: Instagram aizhan_kenessova
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі FlyArystan әуе компаниясынан мән-жайды сұрап білді.
Әуе компания мәліметінше, жолаушы қолжүгінің көлемі белгіленген нормалардан асып кеткен.
Әуе компания мәліметінше, жолаушы Кеңесоваға қолжүгінің бекітілген параметрлерден асып кеткені түсіндіріліп, оны жолжүк ретінде рәсімдеу ұсынылған. Алайда жолаушы тарапынан бұл ұсынысқа эмоциялық реакция байқалды дейді олар."FlyArystan әуекомпаниясының ішкі ережелеріне сәйкес, қолжүгінің өлшемі 56×23×36 см-ден аспауға тиіс. Қолжүктің бұл өлшеміне оның барлық құрамдас бөлшегі — тұтқалар, доңғалақтар және басқа да қосымша элементтер толықтай кіруге тиіс. Рұқсат етілген қолжүктің салмағы 10 келіге дейін болғанына қарамастан (қызмет түрі қосылған жағдайда), көрсетілген өлшем шегінен асқан жағдайда оны тіркелген жолжүк ретінде рәсімдеп, жүк бөліміне тапсыру міндеттеледі. Барлық жолаушының қауіпсіздігі мен ұшу барысындағы жайлылықты қамтамасыз ету мақсатында әуежай аумағында арнайы стандартизатор арқылы тіркеу бөлімдерінде және ұшаққа отырғызу аймағында қолжүк тексерісі жүргізіледі", – делінген хабарламада.
"Мұндай жағдайларда, авиациялық қауіпсіздік талаптары мен компанияның ішкі рәсімдеріне сәйкес, жолаушыны рейске жіберуден бас тарту туралы шешім қабылдануы мүмкін. Сондай-ақ жолаушыны әуекомпанияның қара тізіміне енгізу туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын атап өтеміз. Жолаушыларға осындай жағдайларды болдырмау және сапарды барынша жайлы ету мақсатында қолжүгін тасымалдау ережелерімен алдын ала танысуды ұсынамыз", –делінген хабарламада.