БАӘ билігі оқушыларға жасанды интеллектіні пән ретінде оқыта бастады
Пәнді балабақшадан бастап, мектеп бітіргенше оқытпақ ниетте.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, жаңа оқу жылынан бастап БАӘ мектептерінде оқушылар жасанды интеллектті пән ретінде оқи бастайды.
Бұл пән балабақшадан бастап 12-сыныпқа дейінгі барлық мемлекеттік білім беру сатыларында қолжетімді болады, деп жазады Khaleej Times. БАӘ шейхы және премьер-министрі Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум бұл шешім елдің болашақ ұрпақты мүлде жаңа, өзге әлемге дайындау жөніндегі ұзақмерзімді жоспарының бір бөлігі екенін атап өтті.
«Біздің міндетіміз – балаларымызды біздің уақытымызға ұқсамайтын, шарттары басқа, жаңа дағдылар мен мүмкіндіктерді талап ететін кезеңге дайындау. Бұл – еліміздің даму мен ілгерілеуін алдағы ондаған жылдарға қамтамасыз ететін мүмкіндік», – деп қосты ол.
Білім министрі Сара бинт Юсеф аль Амири оқу бағдарламасы жасанды интеллекттің негізгі тұжырымдамаларын қамтитынын атап өтті:
– деректер және алгоритмдер;
– бағдарламалық қамтамасыз ету;
– этикалық сана;
– жасанды интеллектті шындыққа қолдану;
– инновациялар мен жобалар;
– саясат және әлеуметтік белсенділік.
Ол үшін Министрлік мұғалімдерге әр түрлі оқу жағдайларына бейімделген іс-шаралар мен сабақ жоспарларын қоса алғанда, жан-жақты ресурстар ұсынады.
Материал авторы