SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2014 жылы Астана мен Сеул виза келісіміне қол қойып, Қазақстан азаматтарына Оңтүстік Кореяда 30 күнге дейін визасыз жүруге рұқсат берілгеннен кейін, жұмыс іздеген қазақстандықтар сол елге ағыла бастады. Кей мәліметке қарағанда, кемінде 35 мың қазақстандық жұмыс істесе, оның қаншасы заңсыз жүргені белгісіз. Соның бірі алматылық Жаннат Төрешова Кореядағы өмірі, сол елде заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар туралы NEGE сайтына сұхбат берген.
Жаннат Төрешованың сөзінше, Кореяға 2022 жылдың желтоқсан айында барған. Ол ақша жетпегеннен Алматыдан інісі әйелімен, үшеуі тәуекелге бел буып, турист ретінде барғанын, сосын заңсыз қалып қойғанын айтты.
"Шын мәнінде, Оңтүстік Корея әлдеқайда дамып кеткен мемлекет, бірақ "Оңай жерде ақша жоқ". Жұмысы өте ауыр. Алты айдан кейін інім мен келінім отбасылық жағдайға байланысты елге қайтты", - дейді ол.
Қазақстандық әйел сол елге барғанда бастапқыда алмұрт салып, қаптайтын жерде жұмыс істеген, егін алқабынан сарымсақ та жинаған. Одан кейін жарты жылдай құрылыста еңбек еткен.
Жаннат жұмыс үшін күнделікті төленеді дейді. Мысалы маусымдық жұмыс сарымсақ жинағанға күніне 150-200 мың вон төлейді. Бұл 50-55 мың теңге екен. Оның айтуынша, зауытта жұмыс істесең, күніне шамамен 30-35 мың теңге береді. Ол Кореяда орта есеппен айына 1 млн теңге табуға болады, дейді.
"Алайда, жұмыс өте ауыр. Оның тең жартысы жалдаған пәтерге, тамаққа кетеді. Сонда да Қазақстанға қарағанда әлдеқайда тәуір. Себебі, бізде жалақының өзі тамаққа ғана кетеді ғой. Алматыда медицина саласында жұмыс істедім. 150-200 мың теңге алдым. Оның 150 мыңын пәтерге төлейсің. Несие алып, төлей алмай, пайызы өсіп кетті. Екі балам бар, жалғызбасты анамын. Заңсыз жүрген соң, қай күні ұстап алады екен деп алаңдап жүресің. Алда-жалда білсе, айыппұл төлетіп, депортация жасайды. Бірақ ешкім ешкімге тиіспейтін, тәртіпке бағынған", - дейді Жаннат Төрешова.
Ол 17-18 жастағы қыздарға да келуге кеңес бермейтінін жеткізді. Ауыр жұмыстар денсаулыққа кері әсер етеді, дейді.
"Жалпы Оңтүстік Корея – технологиясы, экономикасы дамыған мемлекет. Бізден бір ғасыр алға кетіп қалған. Қазақстанмен салыстыруға мүлдем келмейді. Заң қатал, ұрлық атымен жоқ. Мейірім, махаббат, аяушылық дегенді мүлдем байқамадым. Менталитеті, басқасы да қазақтарға ұқсамайды. 60-70 жасқа келген корейлер бізбен бірге жұмыс істейді. Себебі жастары көбінесе АҚШ-қа кетеді, жаңа технология саласында еңбек етеді. Ал ауыр жұмыстарын ересектері мен біз сияқты сырттан келгендер атқарып жүр", - деді ол сұқбатында.
Жаннат тілшіге берген сұқбатында балалары Қазақстанда інісі мен келінінің қолында қалғанын, балаларына да қиын екенін айтқан. Өзге елде нәпақа тауып жүрген қазақстандық әйел несиелерін жапқан, қазір кішігірім жер телімін алып, енді үй салуға ақша жинап бастаған. Ол корей жігітке тұрмысқа шығу ойында жоқ екенін айтты.
"Бірақ қазақ қыздарының біразы виза, азаматтық алу үшін кәріске тұрмысқа шығып, қалып қойған. Әсіресе, орыс, украин қыздары кәрістерге тиіп жатыр. Байқағаным, кәрістер орыс қыздарын ұнатады екен. Олардың діні – бір. Бірақ қазақтарға тура келмейді. Соған қарамастан қазақ қыздары кәріс жігіттеріне амалсыз келісім беруге мәжбүр", - дейді Жаннат Төрешова.