«Ғалымдардың мәртебесін дәйекті түрде көтеріп, оларды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету шараларын күшейтуіміз қажет. Осы мәселеге байланысты академиктердің пікірімен келісемін. Ол үшін жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер қызметкерлерінің ғылыми дәрежесі мен атағына қарай төленетін үстемеақыны 1,5 есе арттыру қажет.
Сонымен қатар күрішті күрмектен айыра білуіміз керек. Көмекке, әсіресе материалдық тұрғыда қолдауға лайық нағыз ғалымдар жеткілікті. Сондай-ақ ғылыми атақтары бар, бірақ ғылымға еш қатысы жоқ ғалымдар да бар. Олар туралы кейінірек айтамын. Олар бұл атаққа тек әкімшілік, саяси қызметінің арқасында қол жеткізген. Сондықтан оларды шын ғалымдармен шатастырмайық. Ғылымда кездсейсоқ жүргендерден гөрі, нағыз ғалымдарға бөлінетін қаржыны ұлғайтқанымыз жөн», - деді ҚР Президенті.
Сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланушылардың өндіріске жұмсайтын қаржысының 1 пайызын ҒЗТКЖ-ға міндетті инвестиция ретінде құюы керегін айтты.
«Университеттерді тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін мақсатты капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы заң жобасын әзірлеген жөн. Ғылымды қаржыландыру көздерін көбейтуге, соның ішінде жер қойнауын пайдаланушылардың өндіріске жұмсайтын қаржысының 1 пайызын ҒЗТКЖ-ға міндетті инвестиция ретінде құюына айрықша назар аудару қажет. Бұл ретте өндіруші компаниялардың аталған шығындарын орталықтандыруды жалғастыру керек.
Бұл орайда аталған қаражат тағы бір салық түрі ретінде қабылданбауға тиіс. Бұл – өте маңызды. Осы орайда жер қойнауын пайдаланушылар, соның ішінде «Самұрық-Қазына» қоры қаржыландыратын зерттеулерді ғылыми-техникалық саясаттың басымдықтарымен үйлестіру үшін тиісті шаралар қабылдау қажет.
Олардың ҒЗТКЖ жүргізу тәртібін жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары үшін ашық, бәсекелі әрі қолжетімді ету керек. Барлық процесс мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамадан өткізіліп, ғылыми-техникалық кеңестерде қаралуға тиіс», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.