SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, белгілі заңгер Джохар Өтебеков Шерзат Полаттың өліміне қатысты атышулы іс бойынша үкімнің көпшілік көңілінен шықпауы мүмкін екенін айтты.
Заңгер жұртшылық істің нақты құқықтық бағасын толық түсіне бермейтінін айтты. Әсіресе айып тағылған баптар мен жаза түрлеріне қатысты. Бұл туралы Өтебеков YouTube-тегі «ГиперБорей» арнасына берген сұхбатында айтып өтті.
Адвокаттың сөзінше, бұл іс бойынша тоғыз адам айыпталып отыр. Алайда барлығы бірдей кісі өлтірді деп айыпталған жоқ. Мәселен, олардың бірі – кәмелет жасына толмаған Думан Ысқақ – оған қылмыс туралы хабарламады деген айып тағылған. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Думан төбелеске тікелей қатыспаған.
«Жәбірленуші тарап та бұл баланы кешіріп, босатуды сұрап жатыр», – дейді Өтебеков.
Желіде тараған көрші үйдің видеосынан кейін қоғам айыпталушылардың бәрін кісі өлтіруші деп қабылдап отыр. Алайда, заң тұрғысынан адам өлтіру бабы тек бір адамға – Абзал Шынасылға тағылған. Сонымен бірге, ол Равиль Сакиевпен бірге Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевқа қастандық жасамақ болды деген қосымша айыппен де отыр.
«Жарайды, Шынасыл мен Сакиевке кісі өлтіру, өлтіруге оқталу, бұзақылық деген баптармен 20–25 жылға жаза берілуі мүмкін. Бірақ қалған алтауы – тек бұзақылық бабы бойынша жауапқа тартылуда. Прокурор оларға қару қолданған бұзақылық жасады деген айып тағып отыр, оның ең ауыр жазасы – жеті жыл түрме», – деп түсіндірді заңгер.
Теориялық тұрғыдан, Абзал Шынасыл өмір бойына сотталуы мүмкін. Ал Сакиевке ең көбі 22 жыл жаза кесілуі ықтимал.
Қоғамда резонанс тудырған оқиғаның тағы бір қыры – төбелес кезінде кадрға түскен екі қыздың да жауапқа тартылмағаны. Алайда прокуратура олардың әрекетін қылмыстық жауапкершілікке жатпайды деп шешкен. Бұл да жұртты ашындырған факторлардың бірі.
«Судья бұл тұста ештеңе өзгерте алмайды. Себебі процессуалдық шектеулер бар. Сондықтан бұл тақырыпты талқылаудың да көп мәні жоқ», – дейді Өтебеков.
Заңгер істі қарап жатқан судья Ержан Жанұзақовтың жұмысын жоғары бағалады. Оның айтуынша, судья процесс барысында заңды сақтау мен барлық тарапқа тең мүмкіндік беру бойынша жоғары кәсібилік танытып отыр.
«Судья тарапынан жетекші сұрақтар қойылмады. Куәгерлерге өзіне қарсы айғақ бермеуге құқығы үнемі ескертілді. Қайталанатын, созбалы сұрақтар дереу тоқтатылып отырды. Бұл – істің ұзаққа созылмауына сеп болды», – дейді адвокат.
Өтебеков судьяның мемлекеттік тілді жақсы меңгергеніне де назар аударып, оның қазақ тіліндегі заң тіліне шебер екенін ерекше атап өтті.
«Ол қазақша заң тілін жақсы меңгерген. Техникалық тұрғыда өте сауатты. Мұндай маман — бүгінгі сот жүйесі үшін үлкен жетістік», – дейді ол.
Адвокаттың айтуынша, судья жұмысына оң баға бергенімен, жалпы сот процесінің құрылымында жүйелік кемшілік бар. Ол – сотта дәлелдер мен бейнежазбаларды ең алдымен қарап шығып, содан кейін куәгерлерді тыңдау қажет деген ереже. Бірақ бұл тек судьяға қатысты мәселе емес, Қазақстандағы жалпы сот жүргізу тәртібі солай қалыптасқан. Бұл мәселені Жоғарғы сот шешуі тиіс дейді Өтебеков.