Теміржол бойынан табылған мәйіт: Алматы облысында кісі өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды
Сарыөзек – Алматы бағытында келе жатқан жүк пойызы кенеттен рельске бөгде адамның шығып кеткенін байқаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысында адам өліміне қатысы бар деген күдікпен 49 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы 2025 жылдың 8 мамырында облыстық полиция департаменті ресми түрде хабарлады.
Оқиға 7 мамыр күні кешке Қайрат пен Байсерке станциялары арасындағы теміржол учаскесінде болған. Сарыөзек – Алматы бағытында келе жатқан жүк пойызы кенеттен рельске бөгде адамның шығып кеткенін байқап, шұғыл тежегішті басуға мәжбүр болады. Пойыз 20:52-де толық тоқтаған кезде, жол бойынан ер адамның мәйіті табылған.
Көліктегі полиция департаменті бұл материалды Алматы облысы Іле ауданының полиция бөліміне жолдағанын хабарлады.
Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, жедел-іздестіру іс-шаралары қолға алынған. Тергеу барысында күдікті ретінде 49 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алматы облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қазіргі таңда тергеу органдары қылмыстың себептері мен толық мән-жайын анықтау үшін барлық қажетті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Іс сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында қаралып жатыр. Полиция тергеудің әділ әрі жан-жақты жүргізілетініне сендіріп отыр.
Материал авторы