349

«Блогерлердің өмірі — жауапсыз болмауы керек»: Заңгер блогерлерге ескерту жасады

Белгілі заңгер Джохар Өтебеков биліктің блогерлердің ісіне шындап кіріскенін айтты.

«Блогерлердің өмірі — жауапсыз болмауы керек»: Заңгер блогерлерге ескерту жасады
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық заңгер Джохар Өтебеков Forbes Kazakhstan басылымына берген сұхбатында елдегі блогерлер мен инфлюенсерлердің қызметіне қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Ол заңсыз кәсіпкерлік, салықтан жалтару, сондай-ақ этика мен жауапкершілік жайында айтты.

Өтебековтің айтуынша, соңғы жылдары мемлекет блогерлердің әрекетіне ерекше назар аударып отыр. Себебі кейбірі заңды айналып өтіп, ұтыс ойындары мен лотереялар ұйымдастырады. Ал Қазақстанда мұндай іс-шараларға тек ұлттық оператор — «Сәтті Жұлдыз» АҚ ғана рұқсат етілген. Тек жарнамалық мақсатта өткізілетін ұтыс ойындарына аздаған ерекшелік қарастырылған.

Бірақ көптеген блогер бұл талапты елемей, «giveaway» деп атағанымен, шын мәнінде заңсыз лотерея өткізеді. Мұндай әрекеттер әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Мысал ретінде Өтебеков Жанабыловтар отбасына қатысты істі атады — олар заңсыз лотерея ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Ал егер ұтыс айналымы 40 миллион теңгеден асып кетсе, іс автоматты түрде қылмыстық деңгейге өтеді. Мұндай жағдайда блогердің барлық табысы тәркіленуі ықтимал.

Заңгер сонымен қатар заңсыз жарнама мәселесінің де өзекті екенін айтты. Көптеген қазақстандық блогер тауар мен қызметті «сұр» схемамен жарнамалайды, кейде қаржы пирамидаларын насихаттап, соңында тергеуге түседі.

Сол себепті мемлекет бұл саланы қатаң бақылауға алмақ. Алдағы уақытта жалған жарнама мен заңсыз жарнамалық контент үшін айыппұл немесе тіпті қылмыстық жауапкершілік енгізілуі мүмкін.

Өтебеков блогерлердің этикасына да тоқталды. Кейбірі арандатушылық пікір айтып, ұлт немесе дін араздығын қоздыруы, жалған ақпарат таратуы мүмкін. Бұл қоғамдағы сенімді әлсіретіп, әлеуметтік шиеленіске әкеледі.

Сұхбат соңында заңгер блогерлерге «қарапайым болуға, жауапкершілікпен әрекет етуге және паразиттік өмір салтынан арылуға» кеңес берді. Оның айтуынша, мемлекет блогингті біртіндеп реттеп, заңдылық пен қоғам мүддесін қорғауға бағыт алып келеді.

Материал авторы